Шымкентте бір аптада байланыс орталығына 90 мыңнан астам тұрғын хабарласқан

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкентте «Азаматтарға арналған үкіметтің» 1414 бірыңғай байланыс орталығының байланыс нөміріне бір аптаның ішінде 90 мыңнан астам адам хабарласқан. Тұрғындардың қоңырауын тәжірибелі және дайындықтан өткен 144 маман қабылдап, мемлекеттік қызметтер бойынша кеңестерін берген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты шым шаһардағы Халыққа қызмет көрсету орталықтары 25 наурыздан бері жұмысын уақытша тоқтатқан болатын. Азаматтарға арналған үкімет 1414 бірыңғай байланыс орталығының жұмысын күшейту үшін ХҚО қызметкерлерін тартты. Бұдан бөлек, 49 қызметкер қызмет алушыларды «Мобильдік азаматтар базасында» тіркеп, бейнеқоңырауларды қабылдауға жұмылдырылды.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Шымкент филиалының өкілі Алтынай Татаеваның айтуынша, мемлекеттік қызмет мәселелері жөніндегі бірыңғай байланыс орталығына орта есеппен күніне 18 мыңға жуық адам хабарласады. Орталықтың мамандары бірыңғай байланыс орталығына хабарласушылардың көптігін ескеріп, қала тұрғындарын шыдамдылық танытуға шақырады.

«Азаматтарды негізінен төтенше жағдай кезінде табысынан айырылуына байланысты тағайындалатын 42 500 теңге жәрдемақысын алу, egov.kz арқылы анықтамаға қол жеткізу сияқты сұрақтар мазалайды. Сондай-ақ, АӘК төлемдерін тағайындау бойынша да көптеген сауалдар түсіп жатыр. Тұрғындардың сұрақтарына толыққанды әрі нақты жауаптар берілуде», - дейді Алтынай Татаева.


Соңғы жаңалықтар