Шымкентте бензин тасымалдайтын көлік аударылып қалды
Қалалық ТЖ департаментінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы Бозарық тұрғын алабындағы айналма жолда орын алған. Жалпы сыйымдылығы 23 тонна болатын бензовоз көлігі «Гелиос» ЖШС-не тиесілі екені анықталды.
Жол бойына аударылған көліктен АИ-95 маркалы бензин төгілген. Дегенмен, оқиға орнында жарылыс та, өрт те болмаған. Сондай-ақ, ешкім зардап шеккен жоқ. Оқиға орнына өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметінің 26 қызметкері мен 4 техникасы, «Апаттар медицинасы орталығы» филиалынан бір техника және 3 қызметкер, Шымкент қалалық полиция департаментінің мамандары жұмылдырылды.
«Қауіпсіздікті сақтау мақсатында өрт сөндірушілер төгілген мұнай өнімдеріне «Пурга-5» маркалы көбік шашқан. Қазіргі уақытта төгілген жанар-жағар майдың көлемі анықталуда» делінген хабарламада.