Шымкентте баласын ұрып өлтірген өгей әке 8 жылға сотталды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте баласын ұрып өлтірген өгей әке 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Еңбекші аудандық соты 27 жастағы Ерболат Жолдасовты кінәлі деп тауып, жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтеуді белгіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еңбекші аудандық сотының мәліметінше, Ерболат Жолдасов Қылмыстық кодекстің 106- бабымен («Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру») айыпты деп танылған. Істі қарау кезінде айыпталушының өгей ұлын намазды дұрыс оқымай, азанды дұрыс шақырмағаны үшін ұрғаны толықтай дәлелін тапқан. Оны баланың анасы да, сотталушының өзі де жауап беру кезінде айтқан. Үкім шығару кезінде судья айыпталушының бұрын сотты болмағанын, өз қылмысын толық мойындағанын ескерген. Сондай-ақ, жасаған қылмысына шын өкінетінін ескеріп жаза тағайындаған.

Еске салайық, айыпталушы 2018 жылдың 5 желтоқсан күні 5 жасар баласын намазды дұрыс оқымағаны үшін ұрып-соққан болатын. Сот-медициналық сараптама қорытындысы оның алған дене жарақаты салдарынан өлгенін дәлелдеген. Облыстық клиникалық аурухананың дәрігерлері жансақтау бөліміне өте ауыр халде түскен бүлдіршінді аман алып қала алмады. Себебі оның бауыры мен көкбауыры езіліп кеткен еді.

Соңғы жаңалықтар