Шымкентте әйелді лифтіде пышақтап өлтірген күдікті ұсталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Шымкентте 11 мамыр күні сағат 17:00-де Тәуке хан даңғылы бойындағы көпқабатты үйлердің біріндегі жеделсатыда белгісіз біреу әйел адамды өлтіріп кетті. Марқұм осы үйдегі 5-қабаттың тұрғыны болған, деп жазады Отырар.кз.

Кешқұрым әйел үйіне қайтып келе жатқан. Сөмкесінде қомақты ақша мен алтын бұйымдары болған болуы мүмкін. Марқұм соңғы рет жеделсатыға мініп тұрғанын білмесе керек. Кісі өлтіруші жеделсатыға әйелмен бірге мінген. Қарақшы сөмкені тартып алмақ болғанда әйел қарсылық танытқан. Соған ашуланған күдікті марқұмға бірнеше жерінен пышақ сұққан. Нәтижесінде соңғы сілтеген пышағы ажал құштырды.

Арам ойын жүзеге асырған кісі өлтіруші сөмкені алып, таксиге отырып, оқиға орнынан табанын жалтыратқан. Ізін жасырмақ болған күдікті 3 рет такси ауыстырған. Сөмкедегі көздегеніне қол жеткізген ол айғақ заттардан тезірек құтылғысы келіп СМУ-4 ауданы аймағындағы қоқыс жәшігіне лақтырып кеткен. Сол жерде бейнекамераға түсіп қалған.

Күдіктіні ұялы телефон ұстап берді. Байланыс операторының сигналы бойынша марқұм әйелдің телефоны күдіктінің қай жерде екенін анықтап берген. Соның арқасында такси жүргізушісін және қатыгездікпен адам өлтірген қылмыскерді қолға түсірді. Қылмыскер бұрын сотталған 48 жастағы азамат екендігі анықталды.

Соңғы жаңалықтар