Шымкентте автокөлік ұрлығымен айналысқан қылмыстық топ құрықталды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат -  Шымкентте автокөліктер ұрлығымен айналысып жүрген қылмыстық топ ұсталды. Тергеу барысында күдіктілердің  7 ұрлыққа қатысы бар екені анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше ұсталғандар көліктерді негізінен түнгі уақытта ұрлап жүрген. Жәбірленушілердің бірі полицияға жазған  арызында 3 қаңтар күні түнгі уақытта Молдағұлов көшесіндегі ауласында тұрған «ВАЗ» маркалы автокөлігін белгісіз тұлғалар айдап әкеткені туралы көрсеткен. Осыдан кейін тәртіп сақшылары  жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдіктілерді қолға түсірді. Олар Сарыағаш ауданының аумағында ұрланған автокөлікті сатып жатқан жерінен ұсталды.  Сезіктілердің тұлғаларын анықтау барысында олардың Шымкент қаласының 1996 және  1998 жылы туған  тұрғындары екені анықталды. Біреуі  бұрын  сотты болған екен. Жауап алу барысында күдіктілер  автокөліктерді бұзып кіріп, ұрланған көліктерді сатып жүргенін айтқан. Түскен табысты  өз қажеттіліктеріне жаратып келіпті. Ал, жәбірленушілерге келтірілген шығынның көлемі  10 миллион теңгені құраған.

Қазіргі таңда аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, күдіктілер қамауға алынды.  Айғақты заттар тәркіленіп, полицейлермен ұсталғандардың басқа да қылмысқа қатыстылығы анықталуда. 

Соңғы жаңалықтар