Шымкентте автоХҚО-дағы ұзын-сонар кезек: Желіде тараған видеоға ресми жауап берілді

Фото: None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкенттегі автоХҚО-ның жұмыс уақыты ұзартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлеуметтік желіде Шымкент қаласындағы автоХҚО алдында жастардың кезекке таласып жатқаны туралы видео тарады.

Онда жүргізуші куәлігіне емтихан тапсыруға келген жастардың қақпадан өтуге таласып жатқанын көруге болады.

Тіпті, кейбірі биік қоршаудан секіріп өтіп, мекемеге кіру үшін жанталаса жүгіруде.

Аталған жағдай бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы ресми жауап берді.

«Қазіргі таңда Шымкент қаласындағы N1 мамандандырылған ХҚО-да С1 (жүк газель) санаты бойынша практикалық жүргізуші емтиханын тапсырғысы келетіндердің саны көп. Бұл категория бойынша құжат алуға ниетті азаматтар санының күрт өсуі қаладағы екі автодромның бірінде техникалық жөндеу жұмыстарының жүргізілуі себеп болды» - делінген хабарламада.

Ресми жауапқа сүйенсек, видеодағы жағдай бойынша ешқандай құқықбұзушылық тіркелмеген. Сондай-ақ мүлікке ешқандай зиян келмеген.

Ал, автоХҚО штаттық режімде жұмыс істеп тұр. Клиенттер автокөліктерді қайта тіркеу және теориялық емтихан тапсыру қызметіне жүгіне алады.

Ал, автодром ақпан айының соңынан бастап жұмысын жалғастырып, көлік жүргізудің барлық санаттары бойынша азаматтарды қабылдай бастаған.

Дегенмен, осы уақыт ішінде тәжірибелік емтихан тапсыруға ниет білдірген азаматтар саны көбейген.

«№1 автоХҚО-ға Шымкент қаласы тұрғындарының ғана емес (халық саны – 1 миллионға жуық адам), бүкіл Түркістан облысының (халық саны – 2 миллионнан астам адам) жүгінуі жағдайды қиындатып отыр. Келушілердің көптігін ескере отырып, қазіргі уақытта автоХҚО-ның жұмыс уақыты ұзартылды. Сондай-ақ С1 санаты бойынша емтихан тапсыруға қосымша автокөлік бөлінді. Сонымен бірге С-1 санатындағы көліктерге GPS датчиктері орнатылғанша Шымкент қалалық полиция департаментімен практикалық емтиханды комиссия арқылы қабылдау мәселесі пысықталып жатыр. Одан бөлек, қазіргі таңда Түркістан облысында автоХҚО ашу мәселесі шешіліп жатқанын хабарлаймыз» - дейді «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясыдағылар.

Айта кетейік, Шымкент қаласындағы №1 автоХҚО 19, 20 және 23 наурызда сағат 8.00-ден 19.00-ге дейін жұмыс істейтін болады.


Соңғы жаңалықтар