Шымкентте автобус жүргізушісіне күш көрсеткендерге қылмыстық іс қозғалды

Фото:
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте автобус жүргізушісіне күш көрсеткендерге қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлеуметтік желіде тараған видеодан белгісіз азаматтардың қоғамдық көлік жүргізушісіне күш қолданғанын көруге болады. Жеңіл көліктен түскен екі азамат аялдамаға тоқтаған автобусқа кіріп, жүргізушісін соққыға жыққан. Бетінен ұрып, мұрнын қанатқан. Сондай-ақ, араша түскен кондукторды да қуалап жүріп ұрған.

Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған мәселеге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

«Аталған жайт бойынша Абай ауданының полиция басқармасына ҚР ҚК-нің 293-бабымен «бұзақылық» қылмыстық ісі тіркелген. Іс бойынша жәбірленушіге сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр» - делінген хабарламада.

Ал, автобус жүргізушісінің жұбайы бейнеүндеу жасап, мән-жайды баяндады. Полициядан істі созбай, тезірек шешіп беруін сұрады.

«Менің күйеуім «Радуга» ЖШС қарасты 60 автобустың жүргізушісі. «Электрон» аялдамасына тоқтағанда белгісіз азаматтар күйеуіммен бірге кондукторды да соққыға жыққан. Біз полицияға арыз беріп қойдық. Енді істің созылмай, тезірек шешім шығарылуын өтінемін» - дейді ол.

Желідегі жазбаға оқырмандар да түрлі пікірлер жазып жатыр. Олардың ішінде, «Қоғамдық көліктің жүргізушісін ұрып-соққандарды қатаң жазалау керек», «Кондуктор еркек екен, екеуіне бас салды. Іштегі жүргізуші шығып кондукторына көмектеспей ма, таяқ жеп отыр ғой мандраж болып», «Жұдырықпен жүгіргендер сұмдық. Масқара», «Еркек емес ездер екен, алпыс жасар адамды жабылып ұрып. Қит етсе жұдырық ала жүгіреді осы жабайылар», «Не болып кетті, о тоба? Қайта қоғамдық көлікке жол беру керек қой, ішінде қаншама адам отыр. Балалы аналар, қарт кісілер, мүгедек кісілер отыр» деген пікірлер бар.


Видеодан алынған кадр


Соңғы жаңалықтар