Шымкентте ауа температурасы 45 градусқа жетті

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте ауа температурасы 45 градусқа дейін көтерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала тұрғындары аптап ыстықтан қорғанудың түрлі әдістерін пайдалануда. Бірі ми қайнатар ыстықтан қолшатырдың астында тығылса, кейбіреулер мұздай сусындар ішіп, қаладағы субұрқақтарға шомылып жатыр.

Ауа температурасының жоғарылауы салдарынан ауруханаға хабарласып жатқан адамдардың да саны күрт өсті. Өткен аптада өңірдегі термометр бағаны 35-37 градусты көрсетіп тұрған кезде жедел жәрдем стансалары қалыпты түрде жұмыс жасаған. Ал бұл күндері күшейтілген режімде қызмет көрсетуге мәжбүр.

«Тәулігіне 1800 қоңырау түседі. Науқастар тұмау мен жедел респираторлы вирустық инфекциядан күдіктеніп хабарласып жатады, ал кейбір тұрғындардың қан қысымы жоғарылап кеткен. Біз дер кезінде, толықтай көмек көрсетуге тырысып жатырмыз», - деді облыстық Денсаулық сақтау басқармасындағылар.

Синоптиктердің мәліметінше, аптап ыстық бір-екі күннің ішінде басылатын болады.

«Шымкентте бүгін және ертең 40-45 градусқа дейін күн ысиды. Арғы күні 36-38 градусқа түседі. Дәл осындай ауа температурасы 15 шілдеге дейін сақталады», - деп ескертті «Қазгидромет» АҚ-ның Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалының өкілі.

Соңғы жаңалықтар