Шымкентте Ассамблея өкілдері балаларды қуанышқа бөледі

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы «Бірге күліп, шатанайық!» мерекелік іс-шарасын өткізді.

«Достық үйі» ауласында өткен мерекені ұйымдастырушылар балдырғандарға қызық бағдарламалар мен түрлі сый-сияпаттар табыстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мерекелік шараға қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы мен «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері, қаладағы этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен мүшелері, көпбалалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан 150-ден астам бала қатысты.

Салтанатты жиында қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов мерекенің маңызына тоқталып, балаларға ыстық лебізін білдірді.

«Кез келген ел келешегін өскелең ұрпағымен байланыстырады. Біз қолдан келгеннің бәрін сендер үшін жасаудамыз. Ал болашақта сендер Қазақстанның игілігі үшін аянбай еңбек етеді деп сенеміз. Жас буынға қамқорлық жасау дәл осы мереке қарсаңында ескерілетін шаруа емес, ол барлық уақытта қоғамның назарында болатын маңызды міндет. Осы орайда, балаларды қолдауға әрдайым қол ұшын созып жүрген қалалық ассамблея мүшелеріне алғысымды білдіремін», - деді Мұратәлі Қалмұратов

Іс-шарада арнайы мерекелік дастархан жайылып, барша балаларға сыйлықтар мен балмұздақтар таратылды. Ал, қалалық Оқушылар сарайының өнерпаздары бүлдіршіндердің назарына ертегілер желісімен дайындалған қызықты сахналық қойылымдар мен көңілді ойындар ұсынды.

Сондай-ақ, осы күні қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірге, славян, әзербайжан этномәдени бірлестіктері Шымкент қаласындағы №11 емханада тіркеуде тұрған мүмкіндігі шектеулі балалар мен қалалық №3 балалар үйіне арнайы барады. Онда ассамблея мүшелері 148 балаға сыйлықтар үлестіріп, бүлдіршіндерге мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Соңғы жаңалықтар