Шымкентте «Аshyq» жобасына қатысатын нысандардың жұмыс режимі өзгерді

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте «Аshyq» жобасына қатысатын нысандардың жұмыс уақытынан шектеулер алынды. Бұл туралы қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айдарқұл Ахметов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шымкент қаласының Бас мемлекеттік-санитариялық дәрігерінің жаңа қаулысына сәйкес, «Аshyq» жобасына қатысатын нысандардың жұмыс және демалыс күндергі жұмыс режимі белгіленбейді.

«Аshyq» жобасына қатысатын мейрамхана, дәмхана, кофехана типі бойынша қоғамдық тамақтану обектілеріне, билярд, боулинг, концерт залдарына «жасыл» және «көк» мәртебесі бар келушілерді нысан толымдығын 60 пайыздан асырмай қабылдауға рұқсат етіледі. Балалар ойын-сауық орталықтары бір келушіге кемінде 10 шаршы метр алаңды қамтамасыз етіп, толтырылуын 60 пайыздан асырмай жұмыс істей алады», - деді ол.

Сондай-ақ «жасыл» - қауіпсіз мәртебе бойынша «Ashyq» жобасына қатысатын объектілердің жұмыс тәртібі шектелмейді. Атап айтар болсақ, салтанатты, отбасылық, еске алу шараларын өткізу, конференциялар, форумдар, адамдар көп жиналатын ойын-сауық және өзге де іс-шаралар, көрмелер, марафондар ұйымдастыруда шектеу жоқ. Сондай-ақ спорт кешендері, спорттық-сауықтыру орталықтары, фитнес-орталықтар, йога-орталықтар, сауда, ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері ешбір шектеусіз қызмет көрсете алады.

Жалпы Шымкентте бүгінгі күні 9 112 кәсіпкерлік нысан «Ashyq» жобасымен жұмыс істеуде.

«Бұл бағытта жұмыстар жалғасуда. Апта сайын жобаға қатысушылардың қатары артып келеді. Өзге де кәсіп иелерін «Ashyq» жобасына қатысуға шақырамын», - деді «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы директорының орынбасары Сабира Адамбекова.

Айта кетейік, кеше Шымкент қаласының Бас мемлекеттік-санитариялық дәрігері жаңа қаулыға қол қойып, қалада карантин режимі және коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу жөніндегі шектеу шаралары эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін ұзартылатынын хабарлаған болатын.


Соңғы жаңалықтар