Шымкентте әр 15 минут сайын бір нәресте дүниеге келеді

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте бала туу көрсеткіші күрт өскен. Медицина мамандарының айтуынша, үшінші мегаполисте күніне орта есеппен 120 сәби өмірге келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өткен жылы 5 мыңнан аса сәби жылдағыдан көп дүниеге келген. Яғни бір жылда мегаполисте 33 мыңнан астам бала туған. Сала мамандары нәрестелердің көбеюіне пандемия да әсер еткенін айтады.

«Пандемия кезінен бері ай сайын босануға келетін аналар саны көбейіп отыр. Бір күнде біздің перзентханада 50-60-қа жуық бала өмірге келеді. Биыл да бұл үрдіс жалғасын тапты»,- дейді медицина қызметкері Гүлмира Қоңырбаева.

Қазір Шымкентте 4 перинаталдық орталық бар. Алайда нәрестелердің көбеюіне байланысты бұл орталықтарда орын тапшылығы байқалуда. Сондықтан жаңа босанған аналар үйлеріне ерте шығарылады. Бірақ қалалық денсаулық сақтау басқармасы бұл мәселенің шешімі емес дейді. Себебі, мегаполиске тағы бір перинаталды орталық салу қажеттілігі туындап отыр.

«Қазір бізде акушерлік төсек-орын жетпейді. Болашақта жаңа перинаталдық орталық құрылысын бастау жоспарланып отыр. Сондай-ақ, қазір салынып жатқан көпбейінді ауруханалардан босандыру бөлімшелерін ашу көзделіп отыр»,- дейді қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Дүйсенбаева.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, демографиялық өсім жағынан Шымкент Қазақстанда алдыңғы орында тұр. Демографиялық өсім бірінші кезекте туу көрсеткішінің жоғары болуына байланысты. Яғни, әр он бес минут сайын бір шымкенттік дүние есігін ашады деген сөз. Жыл басынан бері Шымкентте 100 егіз туған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен шамамен 20 балаға көп.

Айта кетейік, шаһарда ағымдағы жылы 8197 нәресте дүние есігін ашса, оның ішінде 3951 – қыз және 4246 – ұл бала. Ал, орташа есеппен қалада жылына отыз бес мыңнан аса сәби дүние есігін ашады.


Соңғы жаңалықтар