Шымкентте аңшы дүкенінде атыс шығарған ер адам 15 жылға сотталды

None
Фото: otyrar.kz
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкент қаласында аңшылық заттар дүкеніне кіріп, үш адамға оқ атқан ер адамға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға биылғы 20 ақпан күні сағат 14:30 шамасында болған. Сатып алушы ретінде «Арсенал» аңшы дүкеніне келген сотталушы Е.Исмоиловтың қолында шолақ мылтық болған. Ол құны 403 000 теңге тұратын «Сайга 410К» қаруын 7 оқ-дәрісімен иемденіп, атыс қаруын оқтап, жәбірленуші З. Бадритденоваға қарата оқ атқан. Алайда, қаруда серіппесінің шаппасы (боек) болмауына байланысты, ойын жүзеге асыра алмай қалған.

Кейіннен сотталушы қолында табельдік қаруы бар күзетшілерге оқ атқан. Салдарынан біреуінің денсаулығына – орташа, ал екіншісіне жеңіл зиян келтірген.

Оқиға орнына дер кезінде келген полиция қызметкерлері күдіктіні сол маңда құрықтады.

Сот шешіміне сәйкес Е.Исмоилов бірнеше бап бойынша кінәлі деп танылды – ҚР Қылмыстық кодексінің 288-бабының 1-бөлігі, 287-бабының 3-бөлігі, 24-бабының 3-бөлігі, 99-бабының 2-бөлігінің 1),6),8) тармақшалары. Қылмыстар жиынтығы бойынша оған 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

«Сот жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтеуді белгіледі. Үкім заңды күшіне енген жоқ» - делінген Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотының баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.


Соңғы жаңалықтар