Шымкентте алғы шепте жүрген денсаулық сақтау саласының мамандары марапатталды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкентте алғы шепте жүрген денсаулық сақтау саласының мамандары марапатталды. Елорда күніне орай қала әкімі Мұрат Әйтенов бірқатар ақ халаттыларға Президенттің наградаларын табыстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиында шаһар басшысы әлемде орын алып отырған дертпен күресте дәрігерлер мен медбикелердің, қатардағы қызметкерлердің еңбегін атап өтті.

«Бұл марапат осынау қиын кезеңде сіздермен бірге аянбай еңбек етіп жатқан ұжымдарыңыздың да жетістігі деп білемін. Журналистер халықтың үні, көзі, құлағы болса, әрине адам жанының арашасы ақ халатты абзал жандар. Ел үшін сындарлы шақта үй бетін көрмей, отбасы, бала-шағасынан жырақ жүріп науқастарды қауіпті дерттен емдеп, жанына шипа сыйлап жүрген медицина қызметкерлеріне баршамыз Алғыс айтамыз», - деді Мұрат Әйтенов.

Шарада «Парасат» орденімен «№6 қалалық емхана» МКК-ның бас дәрігері Гүлнар Күлбаева, «Құрмет» орденімен қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының зертхана меңгерушісі Қалдыкүл Күлжанова, қалалық диагностикалық орталығының дәрігері Людмила Кулиева, жедел медициналық жәрдем көрсету станциясының бас дәрігері Гүлнар Құрманбекова марапатталды. Ал, «Ерен еңбегі үшін» медалі №1 қалалық клиникалық ауруханасының аға медбикесі Жадыра Иманәлиева, №2 қалалық ауруханасының бас дәрігері Сарсен Пернебеков, қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының бөлім меңгерушісі Баян Рыстаева, қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының аға медбикесі Алмаш Салтаковаға табысталды. «Шапағат» медалі «№2 қалалық аурухана» МКК бас дәрігердің орынбасары Күлзайнап Машрапова, қалалық кардиологиялық орталығының бөлім меңгерушісі Бекжан Перменовқа берілсе, Құрмет грамотасын «Жедел медициналық жәрдем көрсету станциясының» дәрігері Айгүл Айтуреева, қалалық перзентхананың бөлім меңгерушісі Ержан Әшіров, қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының бөлім меңгерушісі Мұқан Бижанов иеленді. Сондай-ақ, ҚР Президентінің Алғыс хатымен «Оңтүстік» телеарнасының редакторы Мұхтар Атабеков пен осы телеарнаның бас инженері Қахарман Сұлтанов марапатталды.


Соңғы жаңалықтар