Шымкентте алғашқы «Парасаттылық» басқармасы ашылды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкенттегі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде «Парасаттылық» басқармасының салтанатты түрде ашылуы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шараға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Т.Серікбаев пен университет ректоры Д.Қожамжарова, «Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңесінің басшысы Е.Төлебаев пен қала әкімдігінің өкілдері, оқытушылар мен студенттер қатысты

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген департамент басшысының бірінші орынбасары Т.Серікбаев шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдіре отырып, Парасаттылық басқармасының сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мен парасаттылық мәдениетін қалыптастыру мақсатында ашылғанын атап өтті.

«Ең әуелі сыбайлас жемқорлықтың салдарымен күресу емес, оның алдын алудың жолын әрбір қазақстандық өз отбасында дәріптесе, қоғам дертіне қарсы иммунитетті де нықтаған болар едік. Бүгінгі сіздердің Университтеріңізде ашылған «Парасаттылық» басқармасы және басқа да жобалар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда бірлескен жұмысымызды одан әрі күшейтуге септігін тигізеді», - деді департамент басшысының бірінші орынбасары.

Өз кезегінде университет ректоры Д.Қожамжарова аталған басқарманың өскелең ұрпақты адалдық қағидаттарына тәрбиелеу мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы менеджмент жүйесін дамыту және енгізу жөніндегі жобаны жүзеге асыру бағытын ұстанатынын атап өтті.

«Білім беру саласы тек білім берумен шектелмейді, оқу орындары қазіргі жастардың бойында рухани және мәдени құндылықтарды қалыптастыратын, ғылыми ізденістерге жол салатын, адал және әдепті болашақ маман даярлайтын орта болып табылады» - деді Д.Қожамжарова.

Айта кетейік, жаңадан ашылған басқарма «Шымкент – адалдық алаңы» және «Саналы ұрпақ» жобалық кеңселерімен, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментімен, Шымкент қаласының әкімдігімен тығыз жұмыс жүргізетін болады. Ал, еліміздің барлық білім беру мекемелерінде «Парасаттылық мектептері» ашылуда.

Соңғы жаңалықтар