Шымкентте алғаш рет мәйіт донорлығымен бауырға трансплантация жасалды

None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат- Шымкенттегі №1 қалалық клиникалық ауруханада алғаш рет мәйіт донорлығымен бауырға трансплантация жасалды. Күрделі операция 6 сағатқа созылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бауырын алмастырған науқас бес жылдан бері созылмалы бауыр циррозымен есепте тұрған. Дәрігерлер оның қазіргі жағдайын жақсы деп отыр. Науқас жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылған.

Айта кетейік, мұндай ота оңтүстік өңірінде алғаш рет жасалып отыр. Марқұмның туыстары мәйіт донорлығына заңды түрде келісімін берген.

«Отаны түнгі сағат төртте бастадық. Мәйіт донорының өзге де ағзаларын Астана қаласындағы емдеу мекемелерінің мамандары санавиациямен әкетті. Операциядан кейін төртінші тәулікте науқас өздігінен тұрып жүр. Жағдайы жақсы. Негізінде мәйіт донорлығынан операция сирек жасалады, оның үстіне дүние жүзінде донор тапшы», - дейді дәрігерлер.

Жалпы Шымкентте ағза алмастыру операциясы 2013 жылдан бері қолға алынған. Бүгінге дейін 191 бүйрек, 30 бауыр трансплантациясы жасалған.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері түрлі науқастарға 477 жоғары технологиялық ота жүргізілген. Бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда екі есеге көп.


Соңғы жаңалықтар