Шымкентте әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылады

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкентте әлеуметтік қызметтер порталын енгізуге дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы бүгін қалалық жұмыспен қамту жане алеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ғалымжан Балтаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басқарма басшысының сөзінше, келер жылдан бастап мүгедектер осы портал арқылы оңалту құралдары мен арнайы қызметтерге өз бетінше тапсырыс бере алады. Бұл құралдардың қатарында протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық, кресло-арбалар бар. Сондай-ақ, жарымжан жандар жеке көмекші, ымдау тілі мамандары және санаторий-курорттық емдеу қызметтеріне қажеттілігін де жеткізе алады.

«Бүгінгі күні оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін алуға мүгедектік белгіленген сәттен бастап 8 айға дейін уақыт жұмсалады. Бұл мемлекеттік сатып алу рәсімін өткізудің ұзақтығына байланысты. Сондықтан тендер жүйесі мүгедектерге мүлдем келмейді. Жыл сайын олар қызмет көрсету мен медициналық бұйымдар сапасының нашарлауына жиі шағымданады. Порталды енгізу оңалту қызметтеріне қажеттілікті жасырын есепке алу факторын болдырмауға мүмкіндік береді. Ең бастысы, оңалту қызметтері мен құралдарының оларды алушылардың жеке қажеттіліктеріне сәйкес келмеу проблемаларын шешеді, өйткені мүгедектігі бар адамдар тауардың және қызметтің қажетті түрін өз бетінше таңдай алады»,- дейді Ғалымжан Балтаев.

Сала мамандарының сөзінше, порталды енгізу нәтижесінде оңалтудың техникалық құралдарын ұсыну мен арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетудің бизнес-процестерінің мерзімдері оларды тағайындаудың белсенді форматы арқылы 8 айдан 1-2 аптаға дейін қысқарады. Мүгедектігі бар азаматтардың тілектеріне сәйкес оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерінің белгіленген құнын өтеу тетігі көзделген. Бұл порталда қымбат тауарлар мен қызметтерді таңдау кезінде қосымша ақыны жүзеге асыру функциясы қолжетімді болады дегенді білдіреді. Сонымен қатар, сертификатталған мамандардың неғұрлым кең ауқымы қолжетімді болады. Ал, медициналық-әлеуметтік мекемелердің бірыңғай тізілімінде жарақтандырылуы мен жүктелуі ескеріледі.

«Портал оңалту құралдары мен қызметтеріне тең қолжетімділікті, үйден шықпай-ақ «бір терезе» арқылы уақытылы әлеуметтік көмек көрсетуді, сондай-ақ жеке қажеттіліктерді, өнім берушілер, әлеуметтік қызметкерлер мен мамандар туралы мәліметтерді есепке алуды қамтамасыз етеді. Бұл адал бәсекені арттыруға мүмкіндік береді және әлеуетті өнім берушілердің оңалту құралдары мен қызметтерін іске асыруға қатысуының ашықтығын қамтамасыз етеді»,- дейді қалалық жұмыспен қамту жане алеуметтік қорғау басқармасы бөлім басшысының міндетін атқарушы Әйгерім Шерниязова.

Айта кетейік, аталған портал пилоттық режимде Ақтөбе қаласында іске қосылған. Алдағы уақытта ресурсты Қазақстанның барлық қалаларының тұрғындары пайдалана алады деп жоспарлануда. Ол 400 мыңнан астам пайдаланушы мен 200 мың өнім берушіні қамтиды.

Соңғы жаңалықтар