Шымкентте Алаш арыстарына ескерткіш орнатылды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАҚпарат - ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Шымкент қаласында «Алаш арыстары» ескерткішінің салтанаты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Композициялық мүсін Шымкент қаласының орталық саябағы аумағында орналасқан. Тұғыр гранитпен қапталған. Мүсіндердің биіктігі - орташа есеппен 210 см. Тұғырдың ұзындығы - шамамен алты метр, ені - үш метрге жуық.

Жиынға қала әкімі Мұрат Әйтенов, мәслихат хатшысы Бахадыр Нарымбетов, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев, «Алаш арыстары» ескерткішінің идея авторы Бекет Тұрғараев, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Мархабат Байғұт, көрнекті ақын Ханбибі Есенқарақызы және тағы басқа зиялы қауым өкілдері қатысты.

Қала әкімі көпшілікті ескерткіштің ашылуымен құттықтап, іс-шараның маңыздылығына тоқталды.

«Уақыт озған сайын ұлт азаттығы үшін аянбай күрескен Алаш қайраткерлерінің даналығын, даралығын, кемеңгерлігін айқын сезініп келеміз. Олардың өмір жолы біз үшін, болашақ ұрпақ үшін – тағылым алар тәрбие. Мұндай кешендер – жастарымызды отаншылдыққа тәрбиелеп, өз еліне, жеріне, өткені мен болашағына деген сый-құрметті қалыптастыру құралы деп білеміз, - деді Мұрат Әйтенов.

Жиыналғандар композициялық мүсінге гүл шоқтарын қойды.


Соңғы жаңалықтар