Шымкентте 5G мобильді байланысы тесттік сынақтан өтеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Биыл Шымкентте 5G мобильді байланысы тесттік сынақтан өтеді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Қазақстанның елді мекендерінде кең жолақты Интернетті дамыту жөнінде баяндаған ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Интернет желісінің жұмыс істеу сапасын жақсарту мақсатында министрлікпен байланыс желісінің сапасы төмен жерлерді анықтау барысында өлшем жұмыстары жүргізіледі. Байланыс сапасы нашар қамтылған аймақтарда қосымша базалық стансаларды орнату мәселелері әкімдіктер және байланыс операторларымен пысықталды. Мысалы, Бурабай курорттық аймағы және Нұр-Сұлтан қаласы аумағында әкімдіктермен бірге мачталар салу оң шешімін тапты. Бұл мачталарды жеке кәсіпкерлер салады. Ал байланыс операторлары ұялы байланыс базалық стансаларын орнатады. Осындай жұмыстар Алматы және Павлодар әкімдіктерімен де жүргізілу басталды. Осы бастамаға басқа да облыс әкімдіктеріне ат салысуды ұсынамыз», - деді Асқар Жұмағалиев.

Сонымен қатар ол Қазақстанда жаңа технологияларды енгізу бойынша жұмыстар жүргізіп жатқанын айтты.

«Президенттің тапсырмасына сәйкес министрлік Қазақстанда 5G желісін енгізу бойынша жұмыстар атқаруда. Осы орайда, Жол картасы бекітілді. 5G мобильді байланысының тесттік сынағы Нұр-Сұлтан қаласында өткізілді. Сонымен қатар, сынақ жұмыстары Алматы қаласында жүргізілді және қазан айында Шымкент қаласында өткізу жоспарланып отыр. Сынақ нәтижесінде технологияның заттар Интернетін, телемедицина, өнеркәсіпті, тау-кен өндірісін цифрландыру және «ақылды» қалаларды дамытуға мүмкіндіктер беретіні анықталды«, - деді ол.

Оның атап өтуінше, 5G технологиясын енгізу үшін тартылатын инвестициялар көлемі үлкен болғандықтан, 1-кезеңде бұл технологияны енгізу республикалық маңызы бар Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында ұйымдастыру жоспарланған.

»2021 жылдың аяғына дейін Нұр-Сұлтан қаласында Назарбаев университеті мен ЭКСПО-да, ал 2022 жылы аэропорт пен вокзалда, сауда орындары мен алаңдарда 5G технологиясын енгізу жоспарлануда. Одан әрі 2023 жылдан бастап барлық облыс орталықтарында енгізу жұмыстары жүргізіледі. Осылайша, жоғарыда аталған жобаларды орындау жұмыстарының нәтижесі бойынша 2022 жылдың соңына дейін Қазақстан Республикасы халқының 97 пайызы кең жолақты Интернет желісімен қамтылады. Қалған 3 пайызын спутниктік технологияны қолдану мүмкіндігі қамтамасыз етеді«, - деді министр.

А.Жұмағалиевтің айтуынша, Интернет желісіне қолжетімділікті ауылдық жерлерде арттыру, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша электрондық денсаулық сақтау, электрондық қызмет көрсету, және басқа жобаларды іске асыру үшін негіз болып саналады.

«Бұл қала мен ауыл арасындағы цифрлық алшақтықты қысқартуға ықпал етеді. Халқымызға цифрлық технологияларды қолдануға толықтай мүмкіндік беріп, Қазақстан Республикасы экономикасын дамытуға өз ықпалын тигізетінін болады», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар