Шымкентте 5 адамның өліміне себепші болған автобусты жүргізуші қол тежегішіне қоймаған

None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкентте автгобус апатынан ауыр жарақат алған бесінші адам ауруханада жантәсілім етті. Аталмыш оқиғаға байланысты Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқарма басшысы Мұқтар Қоқанбаев барлық тасымалдаушы компания басшыларымен арнайы жедел жиын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиын барысында басқарма тарапынан тасымалдаушы компанияларға аталған оқиға бойынша жүргізушілердің назарына жеткізу мен жол жүрісі, жолаушылар тасымалдау қағидаларының талаптары мен жүргізушінің міндеттері туралы қосымша және тұрақты түрде нұсқаулықтарды өткізу тапсырылды.

Жүргізушілер құрамы арасында кезектен тыс аттестациялау шараларын өткізу, тұрақты түрде бағыттардағы желілік бақылауды күшейту міндеттелді.

Сондай-ақ қаза тапқан отбасылардың жақындарына автопарк басшысы тарапынан барлық емдеу мен жаназа шығындарын өтеуге көмек берілетінін атап өтті.

Аталған жол-көлік апаты туралы айтқан жауаптылар жүргізушінің қоғамдық көлікті қол тежегішіне қоюды ұмытып, әжетханаға кеткенін жеткізді. Кеше полиция автобустың тежегішке қойылғанын хабарлаған еді.

Айта кетейік, қазіргі таңда Шымкент қаласында 77 тұрақты қалалық маршрут қызмет көрсетеді, күнделікті маршруттарға 877 автобус шығады.

Жеке меншік нысанындағы 10 компания жолаушыларды тасымалдау қызметін көрсетіп жүр.

Алдағы уақытта күшейтілген рейд жүргізіліп, компания басшыларына тиісті тапсырмалар берді.

Еске салайық, күні кеше қаладағы Назарбеков және Бәйтереков көшелерінің қиылысында жантүршігерлік жол апаты болды.

Жүргізушісі жоқ автобус жолдың қарама қарсы бағытына шығып, 6 адамды қағып кеткен болатын.

Салдарынан 2 әйел мен жасөсіпірім оқиға орнында тіл тартпай кетсе, ал төртінші адам жансақтау бөлімінде көз жұмды.

Бесінші адам аурухана төсегінде жантәсілім етті.

Жол көлік оқиғасынан бір бойжеткен тірі қалды. Олар жаяу жүргіншілер жолағы арқылы жолдың қарсы бетіне өтпек болған еді.

Жол апатының кадрлары бірнеше бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Қазіргі таңда құқық қорғау органдары тарапынан тергеу жүргізіліп жатыр.


Соңғы жаңалықтар