Шымкентте 38 полиция қызметкеріне қатысты сот отырысы басталды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Түркістан облыстық ІІД әкімшілік полициясы тіркеу-емтихан бөлімінің 38 қызметкеріне қатысты сот отырысы бүгін басталды. Екі жылдан аса қаралып жатқан атышулы іске облыстық Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Әбсаттар Шайхидинов төрағалық ететін болды. Тағы екі прокурор қатысып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айыпталушылар мен қорғаушылардың саны көп болуына байланысты сот отырысы облыстық Көші-қон полициясының акт залында өтуде. Онда терезелер темір тормен қоршалып, арнайы дыбыс құралдарымен жабдықталған. Сот отырысы кезінде айыпталып отырған ішкі істер қызметкерлері өздерін БАҚ-ның түсіруіне қарсылық білдірді. Соған байланысты судья Шайхидинов сот отырысының бас жағына ғана қатысуларына рұқсат берді. Алғашқы сот процесінде ұсталғандар мен олардың қорғаушылары таныстырылды. Соның өзі түске дейінгі уақытты алды. Іске төрағалық етуші судьяның сөзінше,  қылмыстық іс 1534 томнан тұрады. Айыптау актісінің өзі 40 томға жеткен. Онымен прокурорлар айыпталушыларды дүйсенбі күні таныстырады деп күтілуде.

Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылдың шілде айында облыстық ІІД әкімшілік полициясының тіркеу-емтихан бөлімінде арнайы операция жүргізіліп, нәтижесінде басшысынан бастап қызметкерлері ұсталған болатын. Кейіннен осы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 2017 жылдың шілде айына дейін Сайрам, Бәйдібек, Мақтаарал, Сарыағаш аудандары мен Түркістан қалалық ішкі істер басқармаларының қызметкерлері ұсталды. Айыпталушылардың арасында  2015 және 2016 жылы зейнеткерлікке шығып кеткен полиция қызметкерлері де бар. Екі жылдан аса уақыт жүргізілген тергеу кезінде ұсталғандарға ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оған жетекшілік етті, пара алды және берді, қызмет бабын асыра пайдалана отырып, сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасады деген айыптар тағылды. Сондай-ақ, бұрынғы полиция қызметкерлеріне қазақстандық және ресейлік жалған нөмірлер мен мөрлер жасады, оны пайдаланды және жәбірленушілерге миллиардтаған теңге шығын келтірді деген кінә тағылуда. Бүгінгі таңда осы қылмыстардың арқасында мемлекетке баж салығын төлемеген мыңға жуық көлік анықталып, 4,4 млрд теңге шығын келгені белгілі болды. 

null null 

Соңғы жаңалықтар