Шымкентте 3 жасар қыздың өліміне қатысты күдікті қамауға алынды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Шымкентте 3 жасар қыздың өліміне байланысты күдікті, оның көршісі қамауға алынды. Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осыдан 3 күн бұрын қаламызда қайғылы оқиға болды. Аулада ойнап жүрген 3 жасар Кәусар әкесінің артынан барамын деп өздерінің көршісімен бірге әкесі отырған жаққа жүреді. Қоршауды секіріп өтпекші болып, кішкентай Кәусарды жетектеген көршісі оны қолынан түсіріп алады. Талып қалған сәбиді көріп, қорқып кеткен көршісі кішкентай сәбиді сол жерде қалдырып кеткен. Қылмыс жасаған азаматқа қатысты іс қозғалып, қамауға алынған. Ол сөзсіз жауапқа тартылады», - деп жазды қала әкімі Instagram-дағы парақшасында.

Осы орайда Ғабидолла Әбдірахымов іс-сапардан келісімен оқиға орнына барып, мән-жайдың барлығын анықтағанын атап өткен.

«Кәусарға қатысты ешқандай зорлық жасалмаған. Кәусардың ата-анасына көңіл айттым, сындарлы сағатта бекем болуға шақырдым. Кәусардың жатқан жері жарық болып, Алла алдынан жарылқасын! Әр бала біз үшін қымбат. Сәбилеріміздің қауіпсіздігіне бәріміз жауаптымыз. Құрметті қала тұрғындары, балаларымызды сағат сайын бақылап қадағалап жүрейік! Әкімдік және қала полициясы тиісті жұмыстарды күшейтеді. Бүгін осы мәселе бойынша арнайы жиналыс өткізіп, тапсырма беремін», - деді Шымкент әкімі.

Бұдан бұрын 3 жасар қыздың неден қайтыс болғаны анықталған еді.

Еске салайық, Шымкентте үш жасар қыздың мәйіті табылған шағын аудандардың бірі қоршауға алынған болатын.


Соңғы жаңалықтар