Шымкентте 3 мың адамға арналған оңтүстік өңірдегі ең үлкен орталық мешіт ашылды

None
None
АСТАНА. 31 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін, қасиетті жұма намазы қарсаңында Шымкент қаласында өңірдегі ең үлкен, озық сәулет үлгісімен салынған орталық мешіттің ашылу салтанаты өтті. Мешіттің құрылысы Елбасы ұсынысына сәйкес Біріккен Араб Әмірліктерінің президенті Шейх Халифа бин Зайед Әл Нахайянның қолдауымен жүзеге асты. Бұл туралы ОҚО әкімдігі баспасөз қызметінен хабарланды.

Мешіт Шымкент қаласының батысында, Темірлан тасжолы бойында орналасқан. Жалпы аумағы 2,69 гектар, ғимарат сол аумақтың 8516 шаршы метріне орналасқан. Мешіттің жалпы сыйымдылығы 3000 адам. Мешіт құрылысына 1 млрд. 622 млн теңге жұмсалып, ол толығымен «Заид бен Сұлтан Әл-Нахаян» қайырымдылық қоры есебінен жүргізілді.

Ғимараттың қос қабатты аумағы - 3699,4 шаршы метр күмбезді аумағы - 3702,3 шаршы, мұнаралық аумағы - 344 шаршыны құрайды. Одан бөлек мешітте дәрет алу залы, имамның үйі, қазандық бөлмесі бар.

Мешітке келетін жамағатқа жағдай жасау мақсатында көлемі 3748 шаршыны құрайтын автотұрақ жұмыс істейтін болады, көлемі 5865 шаршы метр болатын аяқжолдарға плиткалар төселген, мешіт айналасындағы көлемі 1,2 гектар аумақ көгалдандырылып, 723 ағаш көшеттері отырғызылған.

Өңірде тіркелген 748-ші мешіттің ашылу салтанатына БАӘ Әділет министрлігінің өкілдері, Қазақстанның Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама-Шариф, Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Матар Аль Кетби, Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан Маямеров және Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов қатысып, жиналған жамағатқа құттықтау сөздерін арнады. Сол сияқты бұл шарада облыстың әр аудан, қалаларынан бас имамдар мен зиялы қауым өкілдері де болды. Мәртебелі меймандар жаңа мешітке жиналған жамағатпен бірге жұма намазын оқыды.

Сәулет стилі айрықша, ақ күмбезді, мұнарасы көк тіреген бұл Алла үйі Шымкенттің шырайын арттырып, келбетін көркемдейтіні хақ.

Мешіттің ашылу салтанаты аясында қуғын-сүргін құрбандарына құран бағышталып, құрбандық шалынды.

Соңғы жаңалықтар