Шымкентте 29 мыңға тарта жас кәсіптік білім алуда

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкентте 29 колледжде 29 мыңға тарта жас техникалық және кәсіптік білім алуда. 8 470 студенттің білімі мемлекеттік тапсырыс негізінде жергілікті бюджеттен қаржыландырылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық білім басқармасының мәліметінше, биыл жергілікті бюджет есебінен мемлекеттік тапсырыс бойынша 11 колледжге 2 358 студент қабылданған. Бүгінгі таңда, дуальды оқыту жүйесі 7 колледжге енгізілген. Мыңға тарта студент осы жүйемен білім алуда. Өткен жылы мемлекеттік тапсырыспен оқыған 2 839 түлектің 2 520-ы жұмысқа орналасқан.

Қазіргі таңда, қаладағы 10 жоғарғы оқу орыны мен 29 колледжде 106 мыңнан аса студент білім алса, оның ішінде 6 614 студент жатақханамен қамтылған. Десе де бүгінде 8 400 орынға қажеттілік туындап отыр. Осы олқылықтың орнын жою мақсатында әкімдік тарапынан «Шымкент сити» шағынауданынан 2,5 га жер учаскесі белгіленді.

«Shymkent» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы АҚ-ның инвестициясы есебінен 2 500 орындық жатақхана салу үшін жобалау-сметалық құжаттары әзірленуде. Сонымен қатар, «Тұран» шағын ауданында жатақхана құрылысы үшін 4 га жер учаскесі бөлініп отыр.

Бұдан өзге өткен жылы жеке кәсіпкерлер мен «Қаржы орталығы» АҚ арасында 350 және 200 орындық жатақхана құрылысын салуға келісімшарт жасалып, сәуір айында 350 орындық жатақхана құрылысы аяқталды. Сөйтіп, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетіне жаңа жатақхана пайдалануға берілді. Ал, 200 орындық жатақхана құрылысы жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.

Соңғы жаңалықтар