Шымкентте 270 адамның жұмысын небәрі 8 адам атқарып келген

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкентте 270 тазалаушының жұмысын 8 адам ғана атқарып келген. Мұндай кемшіліктер кезекті прокурорлық тексеру кезінде анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жергілікті атқарушы органдардың тұрмыстық қалдықтарды жинау мен санитарлық тазалау қызметтеріне тексеру жүргізген прокурорлар бірқатар кемшіліктерді анықтады. Қала прокуроры Мақсат Қожабаевтың сөзінше, тазалыққа жауапты жекелеген мекемелер өз жұмысшыларының санын 35 есе артық көрсетіп, жалған құжаттар жасап келген.

Мәселен, небәрі 8 жұмысшысы бар мекеме қажетті 270 жұмысшыны жалған көрсетіп отырған. Сөйтіп, мемлекеттен бөлінген 210 млн теңгеге бүкіл Қаратау ауданына санитарлық тазалау қызметін көрсетуде.

«Осындай заңсыздықтарға жол берген мекемелерді жеңімпаз ету аудан әкімдіктерінің әрекетсіздігі мен бақылаудың мүлдем жоқтығын көрсетеді. Жергілікті атқарушы органдар жұмысының кемшілігінен 50-ден астам кездейсоқ қоқыс орындары анықталған. Алайда осындай олқылықтар үшін бір жылдан астам уақыт бойы бір де бір тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылмаған» дейді прокуратурадан.

Шымшаһардың қоқыс ордасына айналуының тағы бір себебі - тазалау қызметін көрсететін мекемелердің талапқа сай болмаса да, мемлекеттік сатып алу конкурсында жеңімпаз атануы. Тексеру кезінде олардың қажетті техникалары жоқ, жұмысшылары да жетіспейтіні анықталған.

Сондай-ақ, қалада тұрмыстық қалдық тастау үшін қажетті 4 мың контейнердің орнына небәрі 2 мың контейнер ғана бар болып шықты. Жиын қорытындысымен жергілікті атқарушы және уәкілетті органдардың аталған бағыттағы қызметтерін қайта қарап, қала әкімінің атына ұсыныс енгізілді. Жекелеген өнім берушілердің әрекеттері бойынша процесуалдық шешім қабылданып жатыр.

Соңғы жаңалықтар