Шымкентте 2448 жер учаскесі мемлекетке қайтарылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалық етуімен қала аумағы бойынша жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару бойынша жиын өтті, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Онда жер қатынастары басқармасының басшысы Б.Әшірбеков нысандардың құрылысын жүргізу үшін 2448 жер учаскесін қайтару туралы қаулы шығарылғанын атап өтті.

«Аталған нысандарға ағымдағы жылы 3,7 млрд. теңге қаражат қарастырылған. Мемлекет қажеттілігі үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің, сондай-ақ жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүліктің құны, олардың нарықтық құны мөлшерінде айқындалады. Бүгінгі таңда алаңы 17,3 гектарды құрайтын 152 жер учаскесін қайтаруға 1 млрд 458 млн теңге жұмсалған», - деді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, ағымдағы жылдың бес айында тұрғын үйлер құрылысы мен жол құрылысына, жаңа терминал мен жұқпалы аурулар ауруханасына және мектеп пен жасыл аймақ құру сынды 11 нысанның құрылысы үшін мемлекет қажеттілігіне қарастырылған жер учаскелері толықтай қайтарылған.

«Жоспарланған құрылыстың созылуына алып келетін мәселенің бірі — меншік иелерінің бағаланған мүліктің құнына келіспейтіндігі. Сондықтан құнын айқындауда меншік иесінің құқығы қорғалып, нарықтағы құнмен өтелуі тиіс. Сонымен қатар, қалада жүзеге асырылып жатқан жобалардың маңыздылығын тұрғындарға дұрыс түсіндіру қажет»,-деді М.Әйтенов.

Еске салсақ, өткен жылы 199 жер учаскесіне 2 млрд. 301 млн. теңге қаражат бөлініп, 61,8 га жер мемлекетке қайтарылған.


Соңғы жаңалықтар