Шымкентте 14 бала уланған олимпиаданы ұйымдастырушылар қатаң сөгіс алды

None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте балалар уланып қалған олимпиаданың ұйымдастырушылары жазаланды. Бұл жайында Оқу-ағарту вице-министрі Шолпан Каринова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Еске сала кетейік, біз бұған дейін Шымкентке білім олимпиадасына қатысуға келген 14 оқушының ауруханада жатқанын хабарлаған едік.

Кеше Шымкент қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті олимпиадаға қатысушылар арасында болған гастроэнтерит фактісі бойынша жүргізілген тергеудің аралық қорытындысын жариялады.

Оған сәйкес, оқушылардың жаппай ауыруына ішек таяқшасы тобындағы бактериялар себеп болуы мүмкін. Дегенмен, нақты себептер әлі анықталып жатыр.

Бүгінгі таңда 14 оқушы ауруханадан шығарылды. Оның көпшiлiгi мектеп директорлары, мұғалімдері, білім басқармасы мамандарымен бiрге үйлеріне оралды.

«Олимпиада ережесі бойынша қатысушылардың 45 пайызы жүлделі орындарға ие болып, марапатталуы тиіс. Ауруханаға түскен оқушылардың жеке нәтижесі ескеріліп, алтын, күміс және қола медальдармен, Алғыс хатпен марапатталды. Сонымен қатар, кеше Оқу-ағарту министрінің қатысуымен жиын өтіп, онда олимпиаданы ұйымдастыру комитетіне қатысты тиісті шаралар қабылданды. Жүктелген міндеттерді тиісті деңгейде орындамағаны және жаратылыстану-математикалық пәндер бойынша Шымкент қаласында республикалық олимпиаданы тиісті деңгейде ұйымдастырмағаны үшін орта білім комитеті төрағасының міндетін атқарушыға, орта білім комитетінің мазмұндық және әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісіне және «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы директорына қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолданылды» деп жазды вице-министр Facebook парақшасына.

Оның айтуынша, министрліктің басты міндеті - балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Осыған байланысты қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы республикалық олимпиаданы және оқушыларға арналған республикалық ғылыми жобалар байқауын өткізу форматтары қайта қарастырылды.


Соңғы жаңалықтар