Шымкентке Vero Cell вакцинасының 40 мың дозасы жеткізілді

None
None
ШЫМКЕНТ.ҚазАқпарат - Шымкент қаласына қытайдың Sinopharm компаниясы шығарған Vero Cell вакцинасының 40 мың дозасы жеткізілді. Бұл жайында қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бақытжан Позиловтің айтуынша, 40 мың доза екпе емханаларға үлестіріліп берілген. Екпенің бұл түрі әлемнің 45 елінде, соның ішінде Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері, Түркия, Сербия, Беларусь, Бахрейн және басқа елдерде сәтті қолданылды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Vero Cell вакцинасын осы жылдың 7 мамырынан бастап пайдалануға мақұлдаған. Қаланың бас дәрігері бұл вакцинаның ерекшелігін де атап өтті. Яғни, вакцинаны сақтауда қатаң талаптардың болмауы ресурстардың жетіспеушілігі жағдайында өте ыңғайлы.

«Бұл әлемдегі ампуласы арнайы монитормен қамтамасыз етілген алғашқы вакцина. Аталған монитор жапсырма вакцинаны жылы ортаға шығарған кезде түсін өзгертеді. Бұл медицина қызметкерлеріне оны пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді»,- деді Бақытжан Позилов.

Енді қала тұрғындары бес түрлі вакцинаның бірін таңдай алады. Олар: Қарағанды қаласында шығарылатын «Гам-ковид-Вак» (ресейлік «Спутник V»), қазақстандық QazVac, БАӘ елінде дайындалған Sinopharm компаниясының HayatVax екпесі, Қытайдың Sinovac Biotech компаниясы жасап шығарған CoronaVac және Sinopharm компаниясының Vero Cell вакцинасы.


Соңғы жаңалықтар