Шымкентке бюджеттен қосымша қаржы бөлінеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджеттің жобасында Шымкент пен Түркістан қалаларына қосымша қаражат қарастырылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қаржы министрінің міндетін атқарушы Берік Шолпанқұловтың айтуынша, облыс орталығын Түркістан қаласына ауыстырғаннан кейін барлық мемлекеттік органдарды көшіру керек. Аталған мақсатта республикалық бюджеттен 2,4 млрд теңге қарастырылған. Ал Шымкент қаласының бюджетін ретке келтіруге 1,2 млрд теңге бөлінеді деген жоспар бар.

«Жалпы, келесі жылы республикалық бюджеттен барлық аймақтарға 2,6 трлн теңге аударылады. Ол - жалпы шығыстардың 24 проценті. Алдағы уақытта өңірлерге өздігімен ақша табуға басымдық беруі керек. Ол үшін барлық жағдай жасалған. Аймақтар ел экономикасын дамытуы қажет. Мәселен, өткен жылы өңірлердің кіріс жоспары 267 млрд теңгеге артық орындалды. Ол қаржының бәрі басым бағыттарға жұмсалды», - деді Б.Шолпанқұлов Парламент Мәжілісінде.

Айта кетейік, бүгін Б.Шолпанқұлов депутаттарға 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджетті таныстырды. Оған сәйкес, келесі жылы зейнетақының орташа мөлшері көтеріледі.

Бұдан бөлек, арендалық баспананың құрылысына қыруар қаржы қарастырылған.

Ал ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов депутаттарға 2019-2023 жылдарға арналған экономикалық даму болжамын да таныстырды.

«2019 жылы мұнай бағасының бір баррелі 66,7 АҚШ долларын құрайды деген болжам бар. Осыны ескере отырып, базалық сценарийде мұнайдың бағасы 60 АҚШ доллары деңгейінде алынды. 2019 жылы жалпы ішкі өнім 3,9 процент деңгейінде, ал 2023 жылы 4,6 процентке дейін өседі. Аталған кезеңде жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық өсу қарқыны 4,2 процент болады деген болжам бар», - дейді Т.Сүлейменов.

Оның айтуынша, келесі жылы номиналды жалпы ішкі өнім 64,1 трлн теңге болса, 2023 жылға дейін аталған көрсеткіш 86,9 трлн теңгеге дейін өседі. Осылайша, жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 9,9 мың АҚШ долларынан 12,9 мың долларға дейін ұлғаяды.

Соңғы жаңалықтар