Шымкент тұрғыны ТЖД басшылығына алғысын жеткізді

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкенттік Сапаркүл Тыныбекова ТЖД басшылығына алғысын жеткізді. Қала тұрғыны өрт сөндірушілердің дер кезінде жалынды ауыздықтап, өзін құтқарып қалғанына ризашылығын білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Төтенше жағдай «Нұрсәт» мөлтек ауданындағы көпқабатты үйлердің бірінде түнгі 00:18 минуттар шамасында болған еді. Жедел кезекшілердің басқару пультіне пәтерлердің бірінде түтін шығып жатқанын айтып, көпқабатты үйдің тұрғындары хабарласқан. Оқиға орнына өрт сөндіру қызметінің 8 адамнан тұратын жеке құрамы мен 2 техникасы жіберілді. Төтенше жағдайлар қызметкерлері пәтердің ішінде адам бар екенін анықтап, темір есікті бұзып кірген. Сөйтіп ондағы бойжеткенді сыртқа шығарып, алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Кейіннен үй иесінің электр пешіне тамақты қойып, ұмытып кеткені анықталған. Нәтижесінде бөлме қатты түтінге оранып, салдарынан ондағы тұрғын есінен танып қалған. Сол себепті аман қалған үй иесі өрт сөндірушілер мен ТЖД бастығы Нұрболат Дербісовке шексіз алғысын хатпен жеткізді. Сондай-ақ, департамент басшылығынан ерекше көзге түскен өрт сөндірушілерді марапаттауды өтінген.

«Сізге Шымкент қаласының № 1 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлерінің жедел және үйлесімді іс-әрекеттері үшін алғысымды білдіремін. Мені өрт сөндіруші-құтқарушылар дер кезінде жетіп, құтқарды. Олардың кәсібилі шеберлігі болмағанда қазір маған не боларын да елестете алмаймын. Сіздердің өрт сөндірушілеріңіз тек өртті сөндіріп ғана қоймай, алғашқы көмекте те көрсете алатындығына көзім жетті. Шын жүректен сіздердің қызметкерлеріңізге таусылмас қайрат, кәсіби сәттілік, зор денсаулық, бақыт және амандық тілеймін», деп жазылған Сапаркүл Тыныбекова хатында.

Соңғы жаңалықтар