«Шымкент - ТМД елдерінің мәдени астанасы» жылының ашылу салтанаты кейінге қалды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - «Шымкент - ТМД елдерінің мәдени астанасы» жылының ашылу салтанаты кейінге қалды. Бұл туралы бүгін қала әкімінің орынбасары Алмасбек Мамытбеков брифингте айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала әкімі орынбасарының сөзінше, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Аданом Гебреисус Женевада өткен брифингте коронавирус инфекциясының таралуын пандемия деп таныған.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының хабарламасы негізінде Үкімет арнайы алдын ала қолға алу шараларын ұйымдастыратынын және қоғамдық іс-шараларды уақытша тоқтату жөнінде мәлімдеді. Осыған орай, 2020 жылдың 20 наурыз күні Шымкент қаласында өтетін «Шымкент - ТМД елдерінің мәдени астанасы» жылының ашылу салтанаты кейінге қалғанын хабарлаймыз», - деді А. Мамытбеков.

Ол сондай-ақ, қаладағы кинотеатрлар жұмысы уақытша тоқтап, спорттық іс-шаралар көрерменсіз өтетінін айтты. Әлемде орын алып отырған жағдайды ескере отырып, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты назарға алынып отыр.

«Шетелдік қонақтар шақырылған үлкен мәдени іс-шараның тоқтатылуына байланысты халық арасында үрей тудырудың қажеті жоқтығын айтқым келеді. Сондай-ақ, Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесін атап өту іс-шараларын да тоқтатуды жөн санап отырмыз»,- деді Алмасбек Мамытбеков.


Соңғы жаңалықтар