Шымкент мұнай өңдеу зауыты кеңейтілуі мүмкін

None
Фото: petrosynthesis
АСТАНА. ҚазАқпарат – Шымкент мұнай өңдеу зауытын (МӨЗ) кеңейтуге қатысты техикалық-экономикалық негіздеме әзірленіп жатыр. Бұл жайында Мәжілістің таратылған депутаттарының сауалына Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мұнай өнiмдерiнiң жекелеген түрлерiн өндiрудi және олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы» ҚР Заңына сәйкес министрлік Қазақстан Республикасының ішкі нарығының қажеттіліктерін қамтамасыз ету мақсатында жер қойнауын пайдаланушылар үшін мұнай өнімдерін өндірушілерге шикі мұнай және (немесе) газ конденсатын жеткізу графигін бекітеді. Ішкі нарыққа жеткізілетін мұнай көлемі ҚР МӨЗ өндірістік қуатына сәйкес бекітіледі. Мәселен, 2022 жылы үш қазақстандық МӨЗ мұнайдың рекордтық көлемін - 16,9 млн тоннаны қайта өңдеп, дизель отынының рекордтық көлемін - 5,2 млн тонна өндірді. Сондай-ақ 2022 жылы IHS Markit «Сұйытылған мұнай газын өндіру мен тұтынуды, көршілес мемлекеттерде тұтынудың өсуін және 2035 жылға дейінгі транзиттік жүк ағынын қоса алғанда, Қазақстандағы мұнай өнімдері нарығының даму болжамы бойынша маркетингтік зерттеу» жүргізгенін хабарлаймыз», - делінген Болат Ақшолақовтың жауабында.

Оның атап өтуінше, маркетингтік зерттеуге сәйкес Қазақстанда мұнай өнімдерін (негізінен жеңіл мұнай өнімдерін) тұтыну көлемі 2035 жылға қарай жылына 18,5 млн тоннаға дейін 28 пайызға өседі. Бұл ретте өсудің озық қарқыны Қазақстанның оңтүстік өңірінде шоғырланған.

«Сондай-ақ маркетингтік зерттеулерге сәйкес ең тиімді шешім Шымкент МӨЗ-ін кеңейту болып табылады. Осыған байланысты қазіргі уақытта жобаның алдын ала техникалықэкономикалық негіздемесі әзірленуде. Шымкент МӨЗ-ін кеңейту туралы шешім қабылданған жағдайда, ішкі нарыққа жеткізілетін мұнай көлемін ұлғайту туралы мәселе пысықталатын болады», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар