Шымкент мұнай өңдеу зауыты ішкі нарықтың 40 пайызын қамтамасыз етіп отыр

None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент мұнай өңдеу зауытының өндірістік қуатымен танысты, деп хабарлайды Ақорда.

Зауытты басқарушы компания – «Петро Қазақстан Ойл продактс» ЖШС-нің президенті Ерболат Қожабаев Мемлекет басшысына қайта жаңғыртудан өткен өндірістің қазіргі жұмысы туралы баяндады.

Бүгінде зауыттың жобалық қуаты жылына 6 миллион тонна мұнай өңдей алатын деңгейге жетіп, К-4, К-5 экологиялық санатындағы жанар-жағармай өндіре бастаған. Бұдан кейін зауыт жұмысшыларымен әңгімелескен Президент өндіріс орнының стратегиялық маңызына тоқталды.
«Қазір зауыт ішкі нарықтың 40 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Өнімнің сапасы да жақсарды. Бұл – өте ауқымды жұмыс. Осының бәрі сіздердің, яғни жұмысшылардың қажырлы еңбегінің арқасында мүмкін болып отыр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Соңғы үш жылда зауыттың бензин өндірісі 2,1 миллион тоннаға, авиакеросин өндірісі 340 мың тоннаға, дизель отыны 1,9 миллион тоннаға дейін артқан. Өнім толықтай ішкі нарыққа өткізіледі.



Фото: akorda.kz





Соңғы жаңалықтар