Шымкент мектебінде уытты газ баллоны шашылған: 8 адам зардап шекті

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкент мектептерінің бірінде уытты газ баллоны шашылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сабақ арасындағы қысқа үзілістердің кезінде мектеп оқушыларының бірі бұрыш қосылған газ баллонын шашыратқан. Соның салдарынан 7 оқушы мен мектептің 1 қызметкері зардап шеккені белгілі.

«Мұндай жағдай мектеп қабырғасында алғаш рет орын алып отыр. Бүгін шамамен сағат 09.50-де 9-сынып оқушысы үзіліс кезінде әкесі өзін-өзі қорғау үшін сатып әперген бұрыш қосылған газ баллонын қолданып көруге тырысқан. Ол тек шашып көрмек болған. Түсіндіру жұмысы жүргізілді», - деді білім ордасы директорының орынбасары Нұрмаханбет Әбдіразақов.

Оқиға орнына бірден жедел жәрдем қызметі жетіп, балаларға алғашқы көмек көрсеткен.

Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позыловтың айтуынша, №55 мектепте белгісіз адамның уытты газ баллонын шашқаны туралы ақпарат түскен. Бірақ, балалардың денсаулығына айтарлықтай қауіп жоқ. Олар бұрыштың өткір жағымсыз иісін сезінген.

«Шұғыл түрде жедел жәрдем қызметінің 3 бригадасын жібердік. Олар оқиға орнына 7-8 минуттың ішінде жетті. 7 оқушы мен мектептің бір қызметкерін тексерді. Барлығына да алғашқы медициналық көмек көрсетілді. 3 оқушыны қалалық Гибербариялық оттектену орталығына жеткіздік. Оларға да алғашқы көмек көрсетіліп, үйлеріне апардық. Қазіргі уақытта барлығының жағдай жақсы. Үш күн бойы оларды бақылауда ұстаймыз», - деді Бақытжан Позылов.


Соңғы жаңалықтар