Шымкент мектебі 1 баскетбол добын 232 мың теңгеге сатып алмақ болған

Фото: Photo: soccerfieldsupplies.files.wordpress.com
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаменті 2,2 млн теңгеден астам бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланудың алдын алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық білім басқармасына қарасты «№90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясы» КММ мемлекеттік сатып алу жоспарында 2,7 млн теңгеге 20 доп алуды бекіткен. Мемлекеттік мекеме баскетбол добын 232 мың теңгеге, ал волейбол добын 42 мың теңгеге сатып алуды жоспарлаған. «Тауардың әрбір бірлігі 2-ден 10 есеге дейін асыра бағаланып есептелген.

Департамент мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының атына жоспардың тармағын қайта қарау туралы ұсынысхат жолдады. Нәтижесінде 2,2 млн теңгеден астам қаржы үнемделді», - деп жазды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Дәурен Ерғарин Facebook-тегі жеке парақшасында.


Соңғы жаңалықтар