Шымкент көшелеріндегі арық-атыздарды жөндеуге 386 млн теңге бөлінеді

None
None
 ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат -  Шымкентте ирригация жүйелерін жөндеуге 386 млн теңге бөлінеді. 

Бұл туралы мәслихат депутаттарының 2017-2019 жылдарға арналған қала бюджетін нақтылаған сессиясында мәлім болды. Халық қалаулылары өткен жылы кірістер бойынша түскен қаражатты осы мақсатқа жұмсамақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.  

Осынау қаражат енді облыс орталығындағы көшелерді жөндеуге, арық-атыздарды реттеуге бөлінеді. Себебі, соңғы кезде толассыз жауған жауын-шашын шаһардың ирригациялық жүйелері қандай жағдайда екенін көрсетіп берді. Осы мәселеге орай сын айтқан қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов сала басшыларына көшелердегі жүйелерді күзге дейін қалпына келтіруді тапсырған болатын.

Жобаға сәйкес, қаладағы көшелерді орташа жөндеуден өткізу жұмыстары келесі айдан басталады. Бұл мақсатқа биыл 100 млн теңге қаралып отыр. Сондай-ақ, биыл  жол айрықтарын күрделі жөндеуден өткізу мен орталық көшелерді кеңейту жоспарланып қойған.

Депутаттар өткен жылдан артық түскен қаражаттың тағы бір бөлігін мектептердегі ыстық тамаққа және жастарды Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қатыстыру үшін жұмсау қажеттігін айтты.

Соңғы жаңалықтар