Шымкент кәсіпкері мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндерге екі балабақша салып берді

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Бүгін Шымкентте  мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндерге арналған коррекциялық қос балабақша ашылды. Барлығы 110 орынға лайықталған нысандар  кәсіпкер-меценат, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Қайрат Молдасейітовтің демеушілігімен салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық мәслихат депутаты, «ОТАУ груп» компаниясының президенті Қайрат Молдасейітов Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында балабақшаның құрылысына 280 млн теңге бөлген. Мектепке дейінгі нысандар №17 «Достық» және №37 «Әйгерім» балабақшалары деп аталды.



Жаңа орталықтардың ашылу салтанатында  сөз алған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев балғындарға арналған арнаулы  балабақшалардың бала тәрбиесінде маңыздылығын атап өтті.



«60 және 50 орындық екі балабақша бүгіннен бастап ел игілігі үшін пайдалануға тапсырылады. Оның бірі  «Әйгерім»  балабақшасы - психикалық дамуы шектеулі балаларға арналған. Екіншісі «Достық»  балабақшасы - тірек-қимыл функциялары бұзылған балаларға арнап салынды. Осы бір тағдырдың салғанына еріксіз мойынсынған жас жеткіншектерімізге қол ұшын созып, көмек берген  Қайрат Құсейінұлына алғысымыз шексіз. Осындай қолдау көрсетіп, демеушілік жасап жүрген кәсіпкерлердің еңбектері өзгелерге үлгі боларлық шынайы патриотизмнің көріністері деп білемін», - деді Жансейіт Түймебаев.



Айта кетейік, дәл осы кәсіпкер-меценат жуырда ғана Шымкент қаласының миллионыншы тұрғынына екі бөлмелі пәтердің кілтін табыстаған болатын.

Жалпы, оңтүстікке «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында кәсіпкерлер демеушілігімен көптеген әлеуметтік нысандар салынып, ел игілігіне берілуде.

Мұндай игілікті істер әлі де жалғасын таппақ.


Соңғы жаңалықтар