Шымкент қаласы «Бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасаған үздік өңір» атанды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын сапа» сыйлығының аясындағы бірнеше санаттың «Гран при» жүлдесіне ие болған кәсіпкерлерді марапаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Үздік индустриялық жоба» номинациясы бойынша Павлодар облысының «ПромМашКомплект кәсіпорны жеңімпаз атанды.

«Үздік инновациялық жоба» номинациясы бойынша Алматы облысының «Антиген» ғылыми-өндірістік кәсіпорны жеңімпаз болды.

«Парыз» сыйлығының шағын және орта бизнес иелері арасындағы «Гран при» жүлдесі Ақмола облысының «Шуская-21» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне берілді.

Осы сыйлықтың ірі бизнес иелері арасындағы «Гран при» жүлдесіне Атырау облысының «North Caspian Operating Company» кәсіпорны ие болды.

«Бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасаған үздік өңір» санаты бойынша арнайы сыйлық Шымкент қаласының әкімдігіне тапсырылды.

Ал «Үздік аудан» санаты бойынша арнайы сыйлыққа Сәтбаев қаласының әкімдігі ие болды.

Айта кетейік, осынау салтанатты шара аясында үздік деп танылғандарға «Қазақстанның үздік тауары», «Qazaqstan Project Management Awards -2022», «ТМД бойынша сапа саласындағы 2021 жылдың сыйлығы» сияқты кәсіпкерлік бағыттағы марапаттар да табысталды.

Сондай-ақ, «АруАна», «Бизнес Кемелдiлiк», «Іскер», «Ұлы дала елі» сыйлықтарының жеңімпаздары да марапатталды.

Биыл «Алтын сапа» сыйлығына 281 үміткер өтінім тапсырған. Сарапшылар соның ішінен ірі, орта және шағын бизнес бойынша 14 бизнес нысанын 4 аталым негізінде іріктеп алды.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мараторийді тағы бір жылға ұзартты.


Соңғы жаңалықтар