Шымкент челленджер турнирінде қазақстандық теннисшілердің қарсыластары анықталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Шымкенттегі теннис орталығының орталық кортында Beeline Challenger 80 турнирінің жеребесі тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, бес қазақстандық спортшы іріктеу сайыстарында бақ сынайды.

Достанбек Ташболатов германиялық Себастьян Фаншлоу, Тимур Мәуленов румынилық Богдан Апостол, Никита Сидоров ресейлік Алибек Качмазовпен күш сынасады. Аслан Темірлан италиялық Эдуардо Ловаджо, Бекжан Ережеп үндістандық Мукунд Сасикумармен кортқа шығады.

Негізгі додада қазақстандықтардан бірінші ракетка болып тіркелген Денис Евсеев іріктеу сайысы жеңімпаздарының бірімен кездеседі. Жарысқа арнайы шақырту алған Григорий Ломакин румыниялық Николас Ионельизге, Бейбіт Жукаев норвегиялық Виктор Дурасовичке қарсы тұрады.

Жұптық сында Д. Ташболатов пен Т. Мәуленов алғашқы айналымда Д. Евсеев – ресейлік Александр Шевченкомен ойнайды. Б. Жукаев пен А. Качмазов жарыстың 2-ракеткалары - үндістандық Арджун Кадхе - украиналық Владислав Манафовпен, Г. Ломакин мен ресейлік Ян Бондаревский - өзбекстандық Денис Истоминмен шеберлік байқасады.

Аталмыш турнир 8-14 мамыр аралығында өтеді. Содан кейін 15-21 мамыр аралығында Шымкентте тағы бір челленджер додасы болмақ. Бұлардың жалпы жүлде қоры – 106 240 АҚШ доллары.

Шымкентте челленджер жарыстары 2017 жылдан бастап өткізілген болатын. Жекелей сында Литваның бірінші ракеткасы Ричардас Беранкис (2017 жылы), германиялық Янник Ханфман (2018 жылы) және словакиялық Андрей Мартин екі рет (2018 және 2019 жылы) үздік шыққан еді. Ал, 2020-2021 жылдары пандемияға байланысты турнир өтпей қалған-ды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын жас теннисші Заңғар Нұрланұлының Еуропа рейтингінде көш бастап келе жатқанын, қазақстандық теннисшінің Ыстанбұл турнирінің жеңімпазы атанғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар