Шымкент әкімі Қытайдың Қазақстандағы елшісімен кездесті

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы елшісі Чжан Сяомен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесуде тараптар Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы тату көршілік қарым-қатынастарды одан әрі нығайтудың және өзара тиімді ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын атап өтті.

Жүздесу барысында Ерлан Айтаханов қаланың экономикалық дамуы мен инвестициялық әлеуеті туралы хабардар етті. «Өзіңізге мәлім, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бейжіңде өткен Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесінің алтыншы отырысының ашылуында Қытай Қазақстанның ең ірі сыртқы сауда және экономикалық әріптестерінің бірі екендігін айтқан болатын. Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру үшін өндірісі мен инфрақұрылымы дамып келе жатқан мегаполиске инвесторларды шақырамыз. Себебі, Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан ірі транзиттік дәліздері бар Шымкентте инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасалған. Сондықтан біз түрлі бағытта әріптестік орнатуға ниеттіміз»,- деді қала әкімі. Өз кезегінде елші Чжан Сяо Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың екі мемлекеттің достық қарым-қатынасын нығайтуға қосқан зор үлесі мен үлгілі сара жолын әрі қарай жалғастыру қажет екенін жеткізді. Сондай-ақ, инвесторларға қатысты айтылған пікірмен келісетіндігін және осы бағытта жұмыстар атқарылатындығын айтты. Басқосу соңында қала басшысы бұл кездесу екіжақты мәдени, білім, әлеуметтік экономикалық саланың дамуына септігін тигізеріне сенім білдірді.

Соңғы жаңалықтар