Шымкент әкімі құрылысқа жауапты адамдарды қатаң жазалайтынын айтты

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкент қаласында жуырда ғана салынған көпқабатты үйлердің қабырғалары жарылып, төбесінен су ағып жатыр. Ал мектептер мен жатақханалардың сылақтары түсіп, жарықтар пайда болған. Құрылыс мәселелеріне қатысты өткен жиында шаһар басшысы осындай кемшіліктерді сөз етіп, қалалық құрылыс бөлімінің басшылығын қатаң сынға алды,деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Алдымен құрылыс бөлімінің басшысы Тәжібай Егетаевтың есебін тыңдаған әкім кейіннен шенеунікті сұрақтың астына алды. Себебі, жаңадан салынған әлеуметтік нысандар нөсер жауынға төтеп бере алмауда екен. Мәселен, жеңіл атлетика мен велоспорттан олимпиада резервін дайындайтын №2 мектептің спорт залының қабырғалары жарылып кеткен. Артынша мердігер жөндегенімен, қайтадан жарықтар пайда болыпты.

«№40 жатақхананың төбесінен су ағып, қабырғалары сөгіліп кеткен. Жауын суы ішке кіріп, сылақтары түскен. Бастапқыда, бұл ғимарат апатты деп танылған үйлердің тұрғындарын уақытша орналастыру үшін салынған екен. Алайда, ғимараттың өзі апатты жағдайда тұр», - деді әкімдіктің бөлім басшысы Мөлдір Кеуенова.

Сол сияқты жиында «Сайрам» шағын ауданындағы бір мектептің дәлізі стандартқа сай келмейтіні және тағы бір білім мекемесінің жанындағы алаңша жоқтығы да айтылып қалды. Осыны естіген қала әкімі құрылыс бөлімінің басшысына қатаң ескертулер жасады.

«Бұл не деген жауапсыздық?». Осыны басынан бастап дұрыс жасауға болмай ма? Сіздер ғой, конкурсты өткізіп, мердігерлерді таңдаған. Шақырыңыздар да, тез жөндеңіздер»-деді Әбдірахымов.

Кемшіліктер мұнымен шектелмеді. Белгілі болғандай, «Нұрсәт» шағын ауданында былтыр ғана пайдалануға берілген көпқабатты үйлер де сапасыз салынған. Жаңа үйлердің кейбірінің қабырғалары жарылып жатса, енді бірінің су сору құрылығылары дұрыс орнатылмай, жертөлелер суға толып кетіпті. Бір подъезде лифт болса, екіншісінде атымен жоқ. Бұл баспаналар салынбай жатып апатты нысандардың қатарын толықтыруы мүмкін. Осы мәселеге орай құрылыс бөлімінің басшылығынан мардымды жауап ала алмаған қала басшысы үйлерді салуға қатысқан барлық мердігерлерді жинап, кездесетінін айтты. Бөлім басшысы Тәжібай Егетаевқа қатаң шара қолданатынын атап өтті.

«Сізге сынақ мерзімі ретінде 3 ай беремін. Егер мұндай жағдай қайталанатын болса ешкімді де аямаймын. Өте қатаң әңгіме болады. Түсінікті ме?»,- деді Ғабидолла Әбдірахымов.

Айта кетейік, Шымкентте құрылыс саласына жыл сайын қомақты қаражат бөлінеді. Мәселен, өткен жылы 60 нысан салуға 18 млрд теңге қаралса, биылғы жылға 24 үйдің құрылысына 13 млрд теңге қаржы беріліп отыр.

Соңғы жаңалықтар