Шымкент әкімі кептеліске реніш білдірген жүргізушілерді қоғамдық көлікпен жүруге шақырды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкенттің әкімі кептеліске көңілі толмаған жүргізушілерді жаяу немесе қоғамдық көлікпен жүруге шақырды. Ол көлік кептелісіне бола көшелерді кеңейтпейтінін, ондағы ағаштарды басқа жаққа көшірмейтінін мәлімдеді. 

Бұл шешімді қала әкімшілігі тұрғындардың көшені кеңейтпеуге сұраныс білдіргені үшін қабылдаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Жолға жауапты сала басшыларының басын қосқан жиында Байтұрсынов көшесінің жайы сөз болды. Себебі, көлік кептелісі көбейген бұл көшенің кеңейтілетіні, ондағы құрылыс нысандарының сүрілетіні жылдар бойы айтылып келеді. Тіпті шаһар басшылығы кептелісті болдырмас үшін ағаштарды да басқа жаққа көшірмек болған. Алайда Ғабидолла Әбдірахымов бүгін кептеліске бола ештеңе өзгермейтінін мәлімдеді.

«Көптеген ірі қалаларда кептеліс болмас үшін бар жағдайлар жасалады. Бұл жұмыстардың барлығы орталық көшелерде көліктерді азайту мақсатында жасалады. Қала басшылары ол үшін халықтың негізінен қоғамдық көліктерде жүруі үшін күш салып, аяқжолдар салады. Біз де бұдан былай Байтұрсынов көшесіндегі кептеліске көңілі толмаған жүргізушілердің айтқанымен жүрмейтін боламыз. Олар үшін ағаштарды кесіп, жолды кеңейтпек емеспіз. Жолдың тарлығына көңіліңіз толмай ма, қоғамдық көлікке отырыңыз. Не болмаса велосипед мініңіз, жаяу жүріңіз. Жол кептеліс мәселесін шешу үшін аялдамаларға арнайы қалта салынып, көше бойында қосымша абаттандыру жұмыстары жүргізілетін болады»,-деді қала әкімі.

Еске сала кетейік, осы жылы Байтұрсынов көшесінің кептеліс мәселесі қиындық тудырған соң, Тәуке хан даңғылынан Т. Рысқұлов көшесіне дейін жолдың кеңейтілуі жоспарланған болатын (8 метрден 21 метрге дейін). Жоба бойынша, жалпы ұзындығы 3,2 шақырым құрайтын көшедегі 900-ге жуық тал-дарақтар арнайы техникалық құралдармен басқа жерге отырғызылуы тиіс болатын.

Шаһар басшысы сондай-ақ тендерді жеңіп алған  мердігірлерге жолдар мен аяқжолдар салғанда  эстетикаға назар аудару қажеттігін атап өтті. Әрі алдағы уақытта  сапасыз орындаған жұмыстар қабылданбайтындығын, кемшіліктер түзетілмейінше төлемақы берілмейтінін жеткізді.

 Айта кетейік, биылғы жылы қаладағы  көлік инфрақұрылымының дамуына 14 млрд. теңге шамасында қаражат бөлініп, қаланың 225 көшесінде жөндеу жұмыстары атқарылмақ.

Соңғы жаңалықтар