Шымкент әкімдігі жабық кабинеттер мен есік алдындағы күзеттен бас тартты

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкент қаласының әкімдігі тың басқармашылық тәжірибеге өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Данат Жуминнің айтуынша, бүгін шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымов кәсіпкерлермен кездесу өткізген. Онда әкімдіктің бес басқармасында пилоттық режімде менеджмент амалын өзгертуді тапсырды.

«Бұл нені білдіреді? Біріншіден, қала әкімінің орынбасары, яғни - мен және бес басқарма кабинеттік жүйеден алшақтап, ашық кеңселік кеңістікке (open space) өтеміз. Бұдан былай, бір-бірімізге жақын орналаса отырып жұмыс істейміз. Біздің арамызда қабырғалар мен қабылдау бөлімдері, хатшылар мен көмекшілер болмайды. Басшылардың кабинеттері әйнектен тұратын болады», - деді Данат Жумин Фейсбукте.

Оның жазуынша, алдағы уақытта ашық есік саясаты жүзеге асырылады. 6 хатшының орнына бірыңғай рецепция болады.

«Екіншіден, біз халыққа және оның қажеттілігіне жақындай түсеміз. Есік алдын полиция қызметкерлері күзетпейтін болады. Мейлі кәсіпкер немесе инвестор болсын, қарапайым азамат болсын ешқандай тексерусіз азаматтарды қабылдайтын боламыз», - дейді ол.

Қала әкімі орынбасарының сөзіне сенсек, «ашық» кеңседе барлық мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдері жиналады.

«Үшіншіден, «пилоттық» басқармаларда заманға сай менеджмент тәжірибесін қолданамыз. Ең бірінші кезекте, осы тәжірибе арқылы бірқатар мәселеге назар аударсақ дейміз. Біріншіден, заманға сай амал-әдістер жергілікті атқарушы органда қаншалықты тиімді болады? Мемлекеттік секторға әлемнің үздік тәжірибелері сіңісіп кете ала ма? Осы сұрақтарға жауап іздейміз», - дейді Данат Жумин.

Эксперимент сәуір айында басталып, жыл соңында аяқталады.

«Кейін қорытындысын шығарып, халыққа міндетті түрде хабарлайтын боламыз», - деп түйді ол.

Соңғы жаңалықтар