Шымкент әкімдігі нан бағасын 60 теңге етіп бекітті

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкент әкімдігі нан бағасына қатысты жағдайды түсіндірді. Наубайханашылармен келіссөз жүргізген қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы ақыры нан бағасын 60 теңге етіп бекітті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Әсет Абдрахановтың айтуынша, әкімдік жағдайды жан-жақты талқылаған. 

«Нан пісіруші Қауымдастықпен бірнеше келіссөзден соң есептеу жүргізіліп, нан бағасы шығарылды. Енді Шымкентте бір бөлке нан - 60 теңге. Қосымша айта өтсек, әкімдік тарапынан әлеуметтік өнімнің бағасына күнделікті мониторинг жүргізілуде. Яғни, нан бағасының одан әрі өсуіне жол берілмейді»,- деді Әсет Абдраханов .

Ал, нан пісіруші қауымдастық өкілдері бұл мәселеге орай өз уәждерін айтып отыр. Ассоцияция төрағасы Әбдімәлік Көмекбаевтың сөзінше, заңды тұлғаларға коммуналдық қызмет төлемі едәуір өсіп кеткен. 

«2016 жылдан бастап су - 24,7%, электр энергиясы - 27,2% -ға қымбаттаған. Сондай-ақ, жанар-жағармай бағасы көтерілгенімен (АИ-92 - 25,2%, Дизель отыны - 105,01%), қала әкімдігінің келісімімен нан пісірушілер алғашқы қажеттіліктегі азық-түлік ретінде бірнеше жыл бойына нан бағасын көтермей ұстап тұрды. 17 қыркүйекке дейін бір бөлке нан бағасы 50 теңге болды. Енді ас атасының бағасы 60 теңгеге қымбаттаса да, бұл еліміздегі ең төмен баға», - дейді ол.

Еске салайық, күні кеше Шымкенттегі дүкендерде нан бағасының күрт көтерілгенін хабарлағанбыз. Бұрын 45-50 теңге тұратын бөлке нан 55-65 теңгеге қымбаттап кеткен еді. 

 

Соңғы жаңалықтар