Шымкент әкімдігі коронавирустың өршу қаупіне қалай дайындалып жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қалада коронавирустың тағы да таралу қаупіне дайындық жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қаладағы эпидемилогиялық ахуалға тоқталар болсам, осы жылдың 24 наурызынан 16 қарашаға дейінгі аралықта COVID-19 ауруын 5 292 адам жұқтырды. Коронавирустың ықтимал толқынына үш сценарий бойынша дайындалдық. А, В, С жоспары бойынша 5 416 төсек орнына дейін әзірлеуге мүмкіндік бар. Қалада жалпы қуаттылығы күніне 3550 тестке жететін 9 ПТР зертхана бар. Жаңадан 100 жедел жәрдем автокөлігі алынып, автопарк толығымен жаңартылды. Жаңа call-center іске қосылды. Қоңырау қабылдау қуаттылығы тәулігіне 3 500-ге жетті», - дейді Мұрат Әйтенов.

Шымкент қаласының әкімі сонымен қатар, биыл 6,4 млрд теңгеге 7 медицина мекеменің ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгенін айтады. Ал материалдық-техникалық жабдықтауға 6 млрд 600 млн теңге бөлу көзделген. Бүгінгі таңда қалада 19 компьютерлік томография аппараттары жұмыс істеп тұр.

«Жыл басында қалада өкпені жасанды желдетудің 310 аппараты болса, қазір олардың саны 612-ге жетті. 3 оттегі станциясы орнатылды. Бұдан бөлек сұйық оттегіге арналған 9 резервуар орнату жұмыстары жүргізілуде. Медициналық ұйымдарда COVID-19 індетіне қарсы екі айлық дәрілік заттар және медициналық бұйымдар қоры қалыптасты, қорға 659 млн теңге бөлінді. Қаладағы дәріханалар мониторинг жасалуда. Бүгінгі күні қаланың дәріханаларында коронавирусты емдеуге қажет 1,7 млрд.теңге көлемінде дәрі-дәрмек қоры бар», - дейді ол.

Мұрат Әйтенов төтенше жағдай кезеніңде табысынан айырылған азаматтарға «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» есебінен әлеуметтік төлем беру жұмыстары жүргізілгенін айтады. Осылайша біріңші кезеңде 285 551 адамға 19,9 млрд теңге, екінші кезеңде 143 519 адамға 6,1 млрд теңге көлемінде әлеуметтік төлем берілген. 41 мыңнан астам аз қамтамасыз етілген отбасыға «Біз біргеміз» қоғамдық қорынан 50 мың теңгеден, 17 мыңнан астам азаматтардың коммуналдық шығыстары мемлекеттік бюджеттен өтелген.


Соңғы жаңалықтар