Шымбұлаққа тек қана электр қуатымен жүретін көліктер көтеріле алады - әкімдік

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Шымбұлақ аумағына бензин, дизель және газбен жүретін көліктердің кіруіне тыйым салынады. Бұл туралы Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров мәлім етті. ҚазАқпарат тілшісі хабарлайды.
Медеуге бекет қойылды. Биыл камера орнаттық. Бейнебақылау камерасы полиция департаментінің жедел басқару орталығымен біріктірілген. Әкімдік арнайы жобасын әзірледі, ол қабылданғаннан кейін Шымбұлаққа іштен жанатын қозғалтқышы бар автокөліктердің кіруіне тыйым салынады, яғни бензин, дизель және тағы басқасы. Бұл сол жерде тұратын адамдарға да қатысты. Біз оларға осындай жұмыстардың жүргізіліп жатқанын хабарладық. Тұрғындар ешқандай қарсылық білдірген жоқ. Менің білуімше, қазір олар электрлі көліктерді белсенді түрде сатып ала бастады. Әкімдіктің қаулысы күшіне енгеннен кейін Шымбұлақта жылжымайтын мүлкі барлар ол жаққа тек электр көлігімен ғана кіре алады, -

деді Әлішер Әбдіқадыров өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Оның айтуынша, Шымбұлақта қазір 54 тұрғын үй бар. Ал, шағын және орта бизнес үшін уақыт берілмек.

«Өздеріңіз білетіндей, электрлі жүк көліктері жеңіл автокөліктерге қарағанда кеш дамыды. Бүгінде жүк көліктері нарығында ұсыныстар шектеулі», - деді спикер.

Қазір Шымбұлаққа тек электромобильдермен ғана емес, іштен жанатын қозғалтқышы бар көліктермен де шығуға болады. Бұл коммуналдық қызметтер, құтқарушылар, полиция қызметкерлері, сондай-ақ тау шаңғысы курортында тұратын немесе жұмыс істейтін адамдарға қатысты.

Еске салайық, былтырдан бері Медеу мен Шымбұлаққа электрлі автобустар қатынайды.


Соңғы жаңалықтар