Шымбұлақ тау-шаңғы курортында өрттен зардап шеккен инфрақұрылым қайта қалпына келтіріледі

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Бүгін Шымбұлақ тау-шаңғы курортында өрттен зардап шеккен инфрақұрылым қайта қалпына келтіріледі. Бұл туралы тау-шаңғы курортының қызметкерлері Шымбұлақ ТШК сайтында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бей-жай қалмай, қолдау мақсатында ақ тілек білдірген жандардың барлығына шын жүректен алғыс айтамыз! Біз үшін бұл өте құнды. Ең бастысы – адамдар зардап шекпеді. Инфрақұрылымды біз міндетті түрде қалпына келтіреміз», - делінген баспасөз релизінде.

Сондай-ақ олар «Комби-2» аспалы жолы енді қашан іске қосылатыны белгісіз екенін хабарлады. Себебі, ең алдымен өрттің аспалы жолдың маңызды техникалық құрамдас бөліктеріне әсер етпегенін анықтап алу керек екен.

Еске салайық, бүгін таңғы сағат 5:30-дар шамасында Шымбұлақ тау-шаңғы курортында «Облака» атты үш қабатты рестобар өртке оранған. Сол себепті «Комби-2» аспалы жолының жұмысы тоқтатылған болатын.

Кейін өрт сағат 08:05-те оқшауланып, сағат 08:30-да сөндірілді. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер болған жоқ. Өрт аумағы 800 шаршы метрді құрады. Өрттің шығу себебі анықталып жатқанын хабарлағанбыз.


Соңғы жаңалықтар