«Шымбұлақ» курорты Пиренейдегі «Грандвалира» тау шаңғысы курортымен келісімге келді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Шымбұлақ» тау шаңғысы курорты Еуропаның беделді курорттарының бірі Пиренейдегі «Грандвалира» басшылығымен келісімге келді. Бұл туралы «Шымбұлақ» ТШК баспасөз қызметі мәлімдеді.

Жақын арада «Шымбұлақ» ТШК келушілерге көрсетілетін қызмет сапасын арттырып, қауіпсіздік шараларын еуропалық стандарттарға жеткізбек.

Осы бағытта ол Еуропаның оңтүстігіндегі ең ірі тау туризмі нысандарының бірі «Грандвалира» курортының тәжірибесін пайдаланбақ.

70 мың халқы бар Андорра мемлекетінде орналасқан курорт жылына 8 млн туристі қабылдайды екен.

«Грандвалира» курортының тау туризмін дамыту басқарушысы Хавиер Салинастың айтуынша, тау туризмі Андорраның өркендеуіне қомақты үлес қосқан. Елдің ЖІӨ 80 пайызын туристік сала толықтырып отыр.

«50-60 жыл бұрын Андорра ешқандай болашағы жоқ аграрлық мемлекет болатын. Қазір бізге әлемнің төрт бұрышынан туристер келеді. Еуропада тау шаңғысы курорттары өте көп. Сондықта, бізге бәсекеге қабілетті болу оңайға соққан жоқ. Осы бағытта біз үнемі сапаны жетілдірумен айналыстық. Мәселен, біздің курортта таза мұздан жасалған қонақүй салынды. Ол қазір көптеген туристердің қызығушылығын тудырып отыр», - деді ол.

Сарапшылардың айтуынша, тау табиғатының барлық мүмкіндігін пайдаға асыру қажет. Алматы тауларының болашағы өте жарқын. Туристер белгілі маршруттардан жалығып, қазір жаңа бағыттар іздеуде. Қазақстан көптеген еуропалықтар үшін жұмбақ мемлекет болып отыр. Егер, қызмет көрсету сапасы еуропалық стандартқа жетсе, онда туристердің ағынына қол жеткізуге болады.

Жақын арада «Шымбұлақ» ТШК қыс мезгілінде ски-тур, скин-раннинг, жазда велотур, хайкинг спрт түрлерін дамытпақ.

Шетелдік мамандардың айтуынша, курортта жұмыс жасайтын инструкторлар тек қана үйретуші маман ғана емес, курорттың бет-бейнесі, елшісі қызметін атқарады. Сондықтан, олардың сауаттылығына, біліміділігіне баса мән беру керек.

Соңғы жаңалықтар