Шымбұлақ курорты 2014 жылы 135 млн. теңге табыс әкелді - Медеу ауданының әкімі

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Шымбұлақ курорты 2014 жылы 135 млн. теңге табыс әкелді. Бұл туралы Алматыда Медеу ауданының әкімі Сұлтанбек Мәкежанов халықпен есептік кездесуі барысында мәлімдеді.

Аудан әкімі басты басымдықты Мемлекет басшысы ұсынған «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында көліктік логистиканы дамытуға беретіндіктерін мәлімдеді.

«Жолдау аясында біз көлік логистикасын жақсартуды жоспарлап отырмыз. Жұмыс негізінен қалаға биыл қосылған Көлсай, Сұлусай, Аққайың ауылдарының жол сапасын жақсартуға бағытталады. Сондай-ақ, Көкжайлау бағытындағы туристік маршрут күрделі жөндеуге алынады. Қазір ауданның осындай 43 көшесін жөндеуге өтінім алдық», - деді ол.

Әкімнің айтуынша, Көкжайлау курортының құрылысы ауданның, қала берді қаланың экономикасына тың серпін береді. Өйткені, мемлекет басшысы атап өткендей, туристік салада ашылған жұмыс орны өндіріс орнында ашылған жұмыс орнынан бірнеше есе арзан.

«Мысал ретінде Шымбұлақ пен Медеуді келтіре аламын. Шымбұлақ пен Медеуде бір тиын инвестиция салынбай былтыр 200 мың жұмыс орны ашылды. Нәтижесінде Шымбұлақ курорты 135 млн, Медеу кешені 45 млн теңге көлемінде таза табыс әкелді. Сондықтан, Көкжайлау курортының құрылысы да қаламыздың экономикасына үлкен күш берері сөзсіз», - деді Сұлтанбек Мәкежанов.

Соңғы жаңалықтар