Шығысты алаңдатқан алты мәселе: Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен әкімдікке тапсырмалар берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарында өңірдегі ең өзекті алты мәселені атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақорданың Туиттердегі парақшасына сілтеме жасап.

«Жалпы алғанда, аймақ әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштері бойынша айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. Мен облыс басшылығының назарын бірнеше принципті мәселелерге аударғым келеді», - деді Мемлекет басшысы.

Бірінші мәселе - халықты жұмыспен қамту және бизнесті қолдау. Президенттің айтуынша, тұрақты жұмыс орындарын құру, өнімді жұмыспен қамтуды дамыту және кәсіпкерлік бастамаға қолдау көрсету - әлі де өзекті болып отыр.

«Сондықтан, мен үшін әкімдер жұмысының тиімділігін бағалаудың негізгі өлшемі - жаңа жұмыс орындарының саны, жалақы деңгейі мен еңбек жағдайлары. Облыстың басшылығы осы бағыттағы жұмыс тиімділігін айтарлықтай жақсартуы тиіс. Қазіргі уақытта аймақтық экономикадағы шағын және орта бизнес үлесі 16% құрайды. Бұл өңірлер арасындағы орташа көрсеткіш», - деді ол.

Мемлекет басшысы айтқан екінші мәселе - өмір сапасын жақсарту және жайлы өмір ортасын құру. Осы бағытта өңірде көп жұмыс атқарылды. Дегенмен, Қ. Тоқаев қарқынды ұлғайтып, жинақталған тәжірибені барынша кеңейтіп, тіпті облыстың ең шалғай аудандарын да ескеруді тапсырды.

«Үшіншіден - туристік инфрақұрылымды дамыту қажет. Қазіргі жағдайда туризм индустриясы - экономикалық өсудің маңызды драйверлерінің бірі және жаңа жұмыс орындарын құру көзі болып отыр. Өткен жылы көптеген қазақстандықтар Алакөлде демалуды ұйғарды, бірақ қызмет көрсетудің лайықты деңгейін көре алмады. Халық жергілікті жолдың нашар күйіне шағымданды. Осыған байланысты Шығыс Қазақстан мен Алматы облыстарының әкімдері аз уақытта жол жөндеу мен тиісті қызмет көрсету мәселелерін шешуі тиіс», - деді Қ. Тоқаев.

Президент жалпы көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлуді тапсырды. Бұл ішкі туризмнің әлеуметтін арттыруға септігін тигізеді.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасында анықталған өңірдегі киелі орындарға тұрғындар мен туристердің қолжетімділігін қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыру керек. Бұл жерде бүгін өзім барып, халқымыздың ұлы ойшылына тағзым еткен Ұлы Абайдың отаны - Жидебай қонысын айтуға болады. Бұл орынға жоғары мәртебе беріп, Ресейдегі Пушкиннің отаны, Ұлыбританиядағы Шекспирдің, Германиядағы Гетенің отаны секілді тәу ететін танымал орынға айналдыру керек», - деп өз сөзін жалғады Президент.

Төртінші мәселе ретінде Қ. Тоқаев өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуды атады.

«Семей полигонының бізге қандай қайғылы «мұра» қалдырғанын әрқашан есте сақтаймыз. Әсіресе қан айналымы жүйесі мен қатерлі ісік аурулары алаңдатады. Осы аурулардың өңірдегі көрсеткіштері орташа республикалық деңгейден 1,5 есеге асты. Облыста атмосфераға ластаушы заттар көп бөлінеді, бұл халықтың денсаулығы мен әл-ауқатына кері әсерін тигізеді. Осыған байланысты мен Үкімет пен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігіне үкіметтік емес ұйымдармен және тиісті кәсіпорындармен бірлесіп, аймақтағы қоршаған орта сапасын жақсарту шараларын жүзеге асыруды тапсырамын», - деді ол.

Бесінші мәселе - азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсететін мемлекеттік жүйе тиімділігін арттыру.

«Халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарына атаулы әлеуметтік көмекті кешіктіру мен қағазбастылыққа жол берілмеуі тиіс. Кеше мен Үкіметке және өз әкімшілігіме әкімдермен бірлесіп, жағдайды түзету үшін шұғыл шаралар қабылдауды тапсырдым. Егер келесі аптада бұл мәселе шешімін таппаса, кінәлілер жазаланады», - деді Мемлекет басшысы.

Және үйлесімді және әділ қоғам құруды Қасым-Жомарт Тоқаев алтыншы мәселе деп атап өтті.

«Жақында халықпен кері байланыс орнату үшін облыс әкімдеріне азаматтардың өтініштеріне жедел жауап беруге және әлеуметтік желіде белсенді болуға шақырдым. Адамдар биліктен әділдікті күтеді және өздерінің маңызды мәселелерін шешкенді қалайды. Жергілікті билік аймақтағы халықты алаңдатқан мәселелерден хабардар болуы керек. Мәселен, қазір өңірдегі ең өзекті мәселе - Автокөлік иелеріне қызмет көрсету орталығының жоқтығы. Үкімет пен облыс әкіміне осы мәселені шешу үшін барлық шараларды қабылдауды тапсырамын», - деді Президент.

Соңғы жаңалықтар