Шығысқазақстандық ұстаз: Мұғалім мәртебесі мемлекеттік қызметшімен теңестірілсе...

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Білім және ғылым министрлігі дайындаған «Педагог мәртебесі туралы» Заңның жобасын Шығыс Қазақстанның ұстаздар қауымы қызу талқылауда. ҚазАқпарат тілшісіне Тарбағатай ауданының Тұғыл ауылындағы орта мектепте ағылшын тілінен сабақ беретін жас мұғалім Аяужан Әмренова жаңа Заңға қатысты өз ұсыныс-пікірлерін айтып берді.

«Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев биылғы Жолдауындағы «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылдау жөніндегі тапсырмасын педагогтар қауымы зор ықыласпен және үлкен үмітпен қабыл алды», - дейді жас маман.

Аяужан Әмренова Білім және ғылым министрлігінің сол тапсырманы жедел қолға алып, құжат жобасын педагогтардың талқысына салғаны өте қуантарлық жағдай екенін айтады.

«Заң жобасында ұстаздарға балаларын балабақшаға кезектен тыс орналастыру, сауықтыру төлемақылары туралы, еңбек демалысы туралы, педагог әдебі туралы көптеген мәселелер қамтылған. Оны толықтай құптаймын», - дейді ұстаз.

Заң жобасын толық зерделеп шыққан жас мұғалім құжатта ескерілмеген бірнеше мәселе бойынша ұсыныс дайындапты.

«Біріншіден, жаңартылған бағдарлама бойынша өткізілетін сабаққа дайындалу дәстүрлі сабаққа қарағанда екі есе көп уақытты талап етеді. Мысалы, жаңартылған бағдарламаға сәйкес 1 сабаққа қысқа мерзімді жоспар жасаудың өзі кемінде 1 сағат уақыт алады. Сондықтан, жүктемені азайтып, мөлшерін заңмен бекітуді ұсынамын.

Екіншіден, мемлекеттік мекемелерді қамсыздандыратын сияқты, барлық мектептерді қажетті кеңсе тауарлары мен техникасымен қамтамасыз етсе. Оған қаражат мемлекеттік бюджеттен бөлінсе, себебі жергілікті бюджетке түсетін салмақ көп.

Үшіншіден, мұғалімдерді мемлекеттік қызметшілерге теңестіріп, мемлекеттік мерекелер қарсаңында сыйақы берілсе. Қазіргі таңда жан басына қаржыландыру жүргізілетін мектептерде ғана сыйақылар беріледі, дегенмен барлық ұстаздардың жұмысы бірдей», - дейді Аяужан Әмренова.

Тарбағатайлық мұғалім Заң жобасының 14-бабына толықтырулар енгізу қажет деп ойлайды.

«Қызметтік баспана кейіннен сатып алу құқығын бере отырып жалдамалы пәтерлер арқылы шешілсе деген тілегім бар. Қазір педагогтар баспанаға қол жеткізу үшін қосымша жұмыстарға шығып, артық жүктеме алуға мәжбүр. Ал пәтер жалдап тұратын болса, жағдай тіпті қиын», - дейді педагог.

Соңғы жаңалықтар